Ақын Болат Шарахымбай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында қаңтар оқиғасы жөнінде нақты айтты. «Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі... Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Жалпы мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңға шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Ең алдымен лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, елді қорқыту. Ал бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті». Басқаны қайдам, өз басым Президенттің осы айтқанына сенемін. Өйткені, тонаушылар мен бұзақыларды өз көзіммен көрдім. Бейбіт шерушілердің кәнігі қарақшылар мен қылмыскерлерге арандап қалғаны анық», – деді Болат Шарахымбай.
Ақынның айтуынша, үміт пен сенімді бізге мемлекетпен байланыстыру ләзім.
«Қаралы қаңтар – әрбіріміздің жеке-жеке адам ретінде де, қоғам, мемлекет ретінде де ескерту жасаған өте маңызды оқиға болды. Тіпті, өмірдің құндылығы мен оның біз үшін қаншалықты қымбат екенін қаперге салды, бақытты ел болуға қақы бар қазақ баласының оянып жатқанын дәлелдеді. Сол себептен қазір қазаққа ішкі бірлікті нығайта түсуден артық мәселе жоқ деп ойлаймын. Адам баласы арман еткен ең басты құндылық – бостандық пен бейбітшілік. Тұтас халықтың соған деген үміті мен сенімі. Осы үміт пен сенімді бізге мемлекетпен байланыстыру ләзім. Мемлекетшілдік идеясы дегеннің өзі – халық пен биліктің мүддесін бір мақсатқа жұмылдыру болса керек», – деді ақын.