Алматы енді бұрынғыдан да көркейе түседі – Президент

11.01.2022 22:18

Мемлекет басшысы өз сөзінде елдің зардап шеккен басты орталықтары қысқа уақытта қайта қалыпқа келетінін атап өтті

Фото: ашық дереккөзден

«Алматы енді бұрынғыдан да көркейе түседі». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Мәжілістің пленарлық отырысында осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ол өз сөзінде елдің зардап шеккен басты орталықтары қысқа уақытта қайта қалыпқа келетінін атап өтті. Мемлекет басшысы «Бұл – менің жеке міндетім және Үкіметтің жауапкершілігі» деп баса назар аударды. 

«Бәріміз бір ұлт болып Алматы мен өзге де облыс орталықтарын жауға бермей күрестік. Қалалар ең қысқа мерзімде қалпына келтіріліп, бұрынғыдан да әдемі болады. Бұл енді менің жеке міндетім әрі үкіметтің жауапкершілігі. Осы ретте террористік актілердің нысанасына айналған ірі қала тұрғындарының қайғысына ортақтасамын. Бүгінде ол сұм күндер артта қалды. Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарындағы батырлардың ерлігіне ерекше тоқталғым келеді. Мәселен, Алматыда шағын полиция тобы екі күн қатарынан бұзақылардың шабуылына төтеп беріп, полиция департаментін басып алуларына жол бермей, ұстап тұрды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.