Дер кезінде қабылданған шешім – Ақан Бижанов

18.02.2022 21:46
newtimes.kz

Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан  Бижанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатынан қандай ой түйгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаевтың  «Qazaqstan»  ұлттық телеарнасына берген сұхбаты Алматы қалалық ардагерлері тарапынан қызу талқыға түсіп, өте жақсы пікірге ие болды. Әсіресе, мемлекетімізді сақтап қалу мен оның тұрақтылығы туралы айтқан тұжырымдары жұртшылық көңілінен шығып, көкейге қонымды болды.

Шындығында террорист қарақшылардың ел Конституциясы  мен оның заңдылық нормаларын  өрескел бұза отырып, бейбіт шерушілердің алаңға шығуын өз мақсаттарына пайдаланып,  елдегі Конститциялық құрылымды бұзып, мемлекетті құлатпақ болғаны, елдегі билікті төңкеруге жасаған тағылық әрекеттері ешбір ақылға сыймайды.

Кезінде Алматы қаласынан сайланған сенатор ретінде мен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Саяси мәселелер жөніндегі және халықаралық қатынастар комиссиясының төрағасы ретінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының қызметімен тікелей араластым. Осы ұйымның құқықтық мәселелерін ұйымдастырушылардың бірі ретінде бірқатар маңызды қызмет атқардым.  Бұл халықаралық ұйым осындай форс-мажорлық, яғни күтпеген жағдайларда саяси, әскери және басқа мәселелерді ұтымды шешуге атсалысу болып табылады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы осы беделді ұйымға мүше елдердің  тұрақтылығы мен бейбіт өмірін қамтамасыз етуде маңызды міндеттер атқарады.

Осылайша  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында айтып өткендей, қаңтар қасіреті барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше  құрылымдарын  Қазақстанға шақыруы қажеттілік және дер кезінде қабылданған оң шешім болды деп ойлаймыз.