Өзбекстан мен Қырғыз елінен арнайы келген шеберлер бұйымдарын ұсынды
Алматыда Республика күніне орай қолөнершілер жәрмеңкесі өтті. Онда еліміздің шеберлерінен бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстаннан арнайы келген шеберлер бұйымдарын ұсынды. Екі күнге созылған жәрмеңке бүгін аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының "Арбаты" қолөнершілердің қалашығына айналған. Киіз бен ағаштан, күміс пен сүйектен жасалып, ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген бұйымдар қала тұрғындарының назарын аударды. Абдулла жәрмеңкеге Қырғызстаннан арнайы келген.
– Бұйымдарды анам жасайды. Ал мен жәрмеңкеге оларды көрсету үшін келдім. Адамдарға ұнады. Ойыншықтар, жас балаларға арналған аяқ-киім киізден тігілді, – деді Абдулла.
Сан қилы кезеңдерден өтсе де, өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде жалғасын тауып келе жатқан қолөнердің ішіндегі киелісі һәм күрделісі – зергерлік. Көз майын тауысып, сабырлықты талап ететін өнермен Бейбітгүл Қасымбекова 20 жылдан бері айналысады.
– Халық арасында қазақ әшекейлерін насихаттау мақсатында осындай бұйымдарды жасап, қолжетімді бағада сатамыз. Қазақы стильде әшекей бұйымдар құрастырамын, – деді қолөнер шебері Бейбітгүл Қасымбекова.
Шебердің қолынан шыққан зергерлік бұйымдарға шетелдік қонақтардың сұранысы да жоғары.
– Шетелдіктер естелік ретінде көп сатып алады. Сұраныс бар, – деді Бейбітгүл Қасымбекова.
Ал Алтынсара Бахидің бұл іспен айналысып жүргеніне 6 жыл болған. Есепші мамандығы бойынша білім алған шебер ата кәсіптен алыстай алмаған көрінеді.
– Менің атам зергер болған. Ол бұйымдарды күмістен жасайтын, – деді қолөнер шебері Алтынсара Бахи.
– Жәрмеңкеге 60 қолөнерші келіп отыр. Әркім өзінің жүрегінен шыққан, қолымен жасаған, қайталанбайтын бұйымдарын алып келген. Бәрі – қолмен тігілген ерекше заттар, – деді қалалық қолөнер палатасының құрылтайшысы Жанар Ахметова.
Ұйымдастырушылар іс-шараны жиі өткізбек. Себебі ине мен жіпті, моншақ пен қышты жанына серік еткен шеберлердің жасаған бұйымдары көздің жауын алып, кез келгеннің таңдайын қақтырары сөзсіз.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Республика күні: Алматыда спорт фестивалі өтті