Ал нысандар мен ғимараттар қайта қалпына келтіріліп жатыр
Алматыда бейберекет кезінде бүлінген аумақтар қоқыстан толық тазартылды. Ал нысандар мен ғимараттар қайта қалпына келтіріліп жатыр. Тазарту жұмыстарына 2,5 мыңға жуық адам және техника жұмылдырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мың бояулы қаланы қалпына келтіруге жұмылған жұмысшылардың жүктемесі уақытылы орындалып жатыр дейді тазалық сақшылары. Олардың иелігіндегі әр аумақ жіті бақылауға алыныпты.
«Қала аумағында қазір жаппай тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығына тиісті техника табысталып, жұмысқа жұмылдырылды. 7400 тонна тұрмыстық қоқыс, 519 тонна ұсақ, 152 ірі габаритті қоқыс шығарылды», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасы көріктендіру бөлімінің басшысы Айдын Қалабеков.
Қаланы қоқыстан тазартуға жұмылдырылған көлік пен адам саны жеткілікті болғасын аса қиынға соқпады дейді тазалық тәртібін сақтаушылар. Мәселен, бүлік кезінде дәл осы маңда өртенген әскери техника тұрған. Бүгінде барлығын тазалап, қалпына келтіріп жатыр.
Бүлікшілер бүлдірген қала бірте-бірте бұрынғы әдемі қалпына келіп жатыр дейді жұмысшылар. Оның үстіне қойылған талапты тездетіп орындау үшін қала жұршылығы да етене атсалысыпты.
«Көбінесе сынған әйнектерді, өртенген жерлерді, жарнама тақталарын тазаладық. Халық шашып кеткен қоқыстар, өртенген заттарды жинадық», – деді «Алматы тазалық» МКК медеу аудандық бөлімінің басшысы Әсет Төлегенов.
Қала жұмыстарын қалпына келтіру мақсатында қазір 650 техника мен 2500 адам жұмылдырылған екен. Сала мамандарының айтуынша, жұмысшылар берілген жүктемені тиісті деңгейде орындап жатыр.
Мемлекет басшысының Алматы жаңаша жанданады деген мәлімдемесіне қазірден бастап қадамдар жасалып, жоспарлар құрылған көрінеді. Ал ең көп зардап шекті деген қала әкімдігі маңы мен Президент резиденциясы аумағына 600 жұмысшы жұмылып, тазалауды жалғап жатыр.
Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы