Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Бұл туралы Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосқанын еске салды.
«Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек», - деді Мемлекет басшысы.