Партия жұмысында Президент айтқан бастамаларға назар аудару керек – сарапшылар

01.03.2022 23:41

Осылай деген мамандар партияның механизмдері жаңа форматқа ауысып жатқанын айтты

Фото: akorda.kz

Халық үніне құлақ асатын мемлекет концепциясының негізгі көрсеткіштері «Аманат» партиясының жұмысында көрініс табуы керек. Осылай деген сарапшылар партияның механизмдері жаңа форматқа ауысып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда сарапшылар қоғамның басты назары саяси ұйымның аты өзгергеніне ауып отырған сияқты, ол дұрыс емес дейді. Президент айтқан бастамаларға назар аудару керек дегенді алға тартты. Президент ең алдымен, партиялық аппаратты орталықсыздандыру туралы айтты. Орталық аппарат дамудың негізгі векторларын белгілеп, ортақ идеологияны, қандай да бір деңгейлік шараларды әзірлеуге тиіс деді.  

«Қазіргі таңда 900 ауыл әкімін сайладық. Олардың көбі Nur Otan партиясының мүшелері. Әрине, партияның қазір жұмылдыру ресурсы көп. Сонымен қатар, дамыған инфраструктурасы бар. Осындай ресурстармен партия жаңа мақсаттарға жетуді көздеп отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда қабылданған бағдарламалар арқылы жаңа кезеңге кіріп жатыр», - деді саясаттанушы Ермек Тоқтаров.

«Бәріміз үшін бұл сьезд ерекше болды. Себебі соңғы уақытта бұрын болмаған, күрделі ребрендинг жасалды». Осылай деген Индира Рыстина енді партияның негізгі міндеті халықтың үнін тыңдау дейді. Алайда партияның аты ауысқанымен саяси ұстанымы ауыспайды. Тек соны жүзеге асыратын механизмдері өзгеріп отырғанын жеткізді.

«Партияның модерницазиясын, жоспарын қарайтын болсақ, әлеумет деген жобаның жүзеге асуы жоспарланып отыр. Ол дегеніміз, халықтың арасында сауалдар жүргізіп, бүгінгі күні өте өткір, әлеуметтік мәселелерді анықтау. Сонымен қатар шет аумақтағы елдімекендерді аралай отырып, партияның орталық филиалына келе алмаған азаматтарға жылжымалы қоғамдық қабылдау бар. Сол елдімекендегі азаматтардың мәселесін алып шығу», - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-нің бас ғылыми қызметкері Индира Рыстина.

«Халықпен тығыз байланыста болу мақсатында дебаттық дискуссиялар болады. Ол Парламент депуттарының қатысуымен жүзеге асады. Бұл халықтың да пікірін тыңдау мақсатында талқылаулар жүргізуге көмек береді. Жалпы халықаралық тәжірбиеде белгілі бір уақыт арасында партиялар өз атауын немесе ішкі жұмыс тәртібін өзгертіп отырады», - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-нің әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева.