Сайлаушылардың біртұтас электронды базасы жасақталады
Президент айтқан мажоритарлық жүйе көп нәрсені өзгертеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жастармен сайлау процесіне қатысты кездесуінде осы мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, әрбір өңірде мажоритарлық жүйе қайтадан қалыптасуы керек. Көп ұзамай тиісті өзгерістер Конституцияға да, басқа заңдарға да енгізіледі. Сонымен қатар, жаңа облыстардың құрылуына да тоқталды.
«Түркістанның атын әлемге паш етті. Сол сияқты осындай жүйелі өзгеріске байланысты қазір әлемге Абайдың аты жиі айтылатын болады. Жетісудың аты жиі айтылатын болады. Ұлытау – қазағымыздың кіндігі деп бекер айтпайды. География жағынан бәрін есептейтін болса, Қазақстанның тура ортасында орналасқан», - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Сайлаушылардың біртұтас электронды базасы жасақталады. Қазір бұл бастаманың механизмдері қарастырылып жатыр. Мамандардың пікірінше, Президент жолдауынан кейін сайлау жүйесін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Алдымен науқанның барынша ашық әрі әділ өтуіне күш салмақ.
«Бүгін әкімдер мен жаңа облыстар туралы саяси сұрақтар талқыланды. Мысалы, 1 курс студенті «Әкімдерді қалай сайлайды?» деп сұрақ қойды. Ал төраға кез келген адам электронды форматта да сайлауға қатыса алады деді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беру құқығы шектелмеу үшін бар жағдай жасалуы тиіс», - деді ерікті Дина Маратова.