Егемендік туралы декларация – ел азаттығының іргетасы

12.10.2023 23:51

Құжат 33 жыл бұрын қабылданды

Almaty.tv

«Егемендік туралы декларация – ел азаттығының іргетасы». Тарихи құжаттың құнын түсірмеуіміз керек деген мемлекет және қоғам қайраткерлері «тәуелсіздік заңының да, Конституцияның да бастауы – декларация» дейді. Бүгінгі егемен елдің негізін қалаған сол тағдыршешті құжат осыдан 33 жыл бұрын  қызу талқымен дүние келген еді.

– Қазақстанның Декларацияны қабылдағаннан кейінгі кезеңінің бұрынғыдан жер мен көктей айырмашылығы болды. Бұрын Қазақстан жеріндегі экономикалық әлеуеттің 93 пайызы Мәскеуге бағынатын, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Араға жылдар салып ортаға қайта оралған Республика күнін тойлау – ең әуелі ұлттық сипатымызға, ұлы тарихымызға деген құрмет. Бодандықтан босап, тәуелсіздікке қолы жеткен елдің егемендік туралы құжаты – сан саяси үрдістің бастауы. Сол күндердің куәсі болған ел ағалары «оның мәні мен маңызын жас ұрпақ түсінуі керек» дейді.  

– Декларацияның қабылдануына араластық. Әрбір сәті, сағаты көз алдымда тұр.  Үш жүз жылдан астам орыс боданында болған елдің өте сауатты, ыждаһатты тарихи құжаты өмірге келді, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.