Кәсіпкерлерге қол ұшын созып, жағдай жасауды Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет айтқан
Елімізде Үкімет тарапынан бизнеске 100-ден астам қолдау көрсету көзделген. Оның ішіне қомақты сомадағы субсидиядан бастап, қарапайым мамандардың консультациясына дейін кірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәсіпкерлерге қол ұшын созып, жағдай жасауды Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет айтқан еді.
Президент елдегі бизнес өкілдерімен жеке кездесіп, ашық жұмыс істеуге шақырған да еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту – жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуы тиіс деген еді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Президенттің бастамасымен келісеміз дейді. Төраға орынбасары Тимур Жаркенов кәсіпкерлердің салық төлеу жүйесін автоматтандырса, игі болар еді дейді.
«Қазір жаңа Салық кодексі енгізілмекші. Бұл құжат бойынша салық жұмыстары максималды түрде жеңіл болуы керек. Яғни, салықтық агентті автоматтандыру қажет. Осы арқылы бизнесмен салық есебін маманға ақша төлеп жасатып, оны салық органына өткізбейтін еді. Барлығы кассалық аппарат арқылы жасалған операциядан көрініп тұрады. Сол сомадан салықты кәсіпкер төлей салса болды. Жаңа салық кодексінде осы қарастырылса жақсы», – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Экономика министрлігі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 100-ден астам қолдау түрі қарастырылғанын айтады. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесмендерге арналған 2,5 пайыздық несие бар. Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы несиелер субсидияланып жатыр. Бұдан бөлек, 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 2 млн 580 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант берілуде. Ұлттық экономика министрлігіндегілер алайда мұндай қолдаудың сұрауы бар дейді.
«Қайтарымсыз болғанымен оның да сұрауы бар. Яғни, грант алушы оны мақсатты пайдалануы керек. Және де өзіне қабылдаған шарттарды орындауы керек. Орындамай жатса, ол қаражатты бюджетке қайтаруы керек», – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков.
Маманның айтуынша, мемлекет тарапынан орта және ірі кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың жобасына инфрақұрылым жүргізу бағдарламасы да бар. Яғни, электр желілерін, көгілдір отын тарту сынды жұмыстар мемлекет бюджетінен жүргізіледі.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы