Алматыда зақымданған нысандар қашан толық қалпына келтіріледі

20.01.2022 00:20

Санаулы күннің ішінде Алматыда 134 нысан қалыпқа келді

Almaty.tv

Қаланы қалпына келтіру жұмыстары бойынша қазір Алматыда 54 нысан жөндеуден өтіп жатыр. Оның 30-ы мемлекеттік мекеме болса, өзгелері әкімшілік ғимараттар мен жекеменшік орындар. Жалпы, қаңтар оқиғасынан кейін қала бойынша бүлінген нысандарды жаңалау жұмысы басталып кеткен еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде Алмалы ауданы аса қатты зардап шекті. Жалпы шығын мөлшері әлі де анықталып жатқанына қарамастан, қаладағы бірқатар нысандарды қалпына келтіру жұмысы басталып кеткен. Қазір ғимараттарды тазалау аяқталды.

«Жобалау жұмыстары және шағым пайда болғаннан кейінгі бағалау арқылы біз жұмысшылар санын көбейтіп, сол нысандарды тез қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді ойға алып отырмыз», – деді Жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тәжібаев.

Санаулы күннің ішінде Алматыда 134 нысан қалыпқа келді. Оның 35-і – әлеуметтік маңызы бар орындар. Ал тұрғындар қаңтар қасіретін бастан өткерген қаланың әлі де жанданып, бұрынғысынан да көркейе түсетініне сенеді.

«Ойдағыдай деп ойлаймын. Қаланы реттеу жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Мысалы, 7-8 қаңтар күндері тротуардағы қиық тастың біразы шашылып жатқан еді. Енді бәрі қалпына келіп жатыр», «Мен қала да өзгереді деген ойдамын. Себебі қайтадан жасағаннан кейін, өзгерістер болатыны заңды. Адамдардың санасында да өзгерістер болады деп ойлаймын», – дейді тұрғындар. 

Еске сала кетейік, қалаға келген жалпы шығын мөлшері 112 миллиард теңгеге жеткен еді. Кей нысандар бойынша әлі де тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар қаланың толық қалыпқа келуіне 5-6 ай уақыт керек дейді.

Мадина Оқас, Рустам Аралбаев, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы