Жемісті жыл: 2023 жылы әлеуметтік әлеуетке ден қойылды

Almaty.tv
Almaty.tv
5 сәби еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаһандық жеңістер, әлемдік сахналар мен әлеуметтік әлеует. 2023 жыл еліміз үшін айтулы оқиғалар мен жағымды жаңалықтарға толы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы басты ақжолтай жаңалық – 20 миллионыншы қазақстандықтың дүниеге келуі. Деректер базасының мәліметіне сүйенсек, 14 қараша таңғы сағат 8:10-да дүниеге келген 5 сәби еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Нәрестелер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола мен Түркістан облыстарында туған.

– Жалпы демография динамикасына келсек, тәуелсіздік алған жылы 16,4 млн адам болдық. Содан бері ел халқының саны 22 пайыздан астам өсті. Егер өңірлер бойынша халық санының өсуі туралы айтатын болсақ, халықтың ең көп өсімі Шымкент қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында байқалды, – деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев.

Биыл әлеуметтік әлеуетке ден қойылды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қабылданып, бағдарлама аясында 2024 жылдан бастап балаларға ақша бөлінеді. Жобаға 18 жасқа толмаған қазақстандықтар қатысады. Олар жиналған қаражатты үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсай алады.

– Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты мерзімінен бұрын алу құқығы берілмейді. 18-ге толғаннан кейін олар жинақтарды екі мақсатқа тұрғын-үй сатып алу, білім алуға пайдалану құқығын алады, – деді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов.

Спортшыларымыз үшін де биыл жемісті әрі жеңісті жыл болды. Жаһандық жарыстарда топ жарып шыққан отандастар аз болмады. 2023 жылдың басынан ресми халықаралық турнирлерде қазақстандық спортшылар 586 медаль жеңіп алған. Теннис спортының жанкүйерлері үшін жылдың басы Австралиядағы турнирден бастау алды. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Australian Open» турнирінде финалға шығып, жанкүйерлерді бір қуантты. Ал бокстан Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған жігіттер 4 алтын, 1 күміс жүлдені ел қоржынына салды.

Биылғы тарихи жеңістің бірі – Ризабек Айтмұқанның жетістігі. Спортшы еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Ұлттық футбол құрамасының сәтті матчы да ел көңіліне медеу болды.

Мәдениет саласы да биыл кенже қалмады, шабытты болды. Республикалық театрлар 27 халықаралық және 11 республикалық фестивальдерге белсенді қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаумен жарық көрген 8 отандық фильм халықаралық кинофестивальдерде марапаттарға ие болды.

Айта кетейік, елімізде биыл 35 мәдениет нысаны салынды. Жаңа ғимараттар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында бой көтерді. Одан бөлек, 238 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жыл қорытындысы: қылмыстың азаюы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес

Новости партнеров