Ата заңдағы өзгертулер: Мәжіліс Сенатпен келісті

06.05.2022 00:12

«Референдум туралы» Заңнан Елбасы туралы норма алынып тасталды

Almaty.tv

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасына» Сенат енгізген толықтырумен келісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Сенаторлар енгізген толықтыру бойынша «Референдум туралы» Заңнан Елбасы туралы норма алынып тасталды.

«Заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында қосымша толықтыру енгізілді. Бұл толықтыру Комитет отырысында қаралды. Сенат республикалық референдумның нысанасы бола алмайтын мәселелерді нақтылау мақсатында «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 3-бабы 2-тармақшасын жаңа редакцияда ұсынып отыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов

Бүгін Сенат депутаттары аталған заңға өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтарған еді. Себебі Конституциялық кеңестің мүшелері Н. Назарбаевтың тарихи рөлін белгілеудің қажеті жоқ деген қорытындыға келген.  «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» сөзін алып тастауды ұсынған болатын.