Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тіл мәселесіне де тоқталды
Қазақстанның елтаңбасы өзгеруі мүмкін. Бүгін Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты. Президенттің сөзінше, қазіргі елтаңбаны кейбір кісілер Кеңес заманындағы гербке ұқсатады екен. Сондықтан, арнайы комиссия құрылып, жаңасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басын Көрісу күнімен құтықтаудан бастады. Наурыз мейрамын тойлауды Амал мерекесінен бастағанымыз жарасымды болды деген Президент, құрылтайдың үшінші отырысы Жайықтың жағасында, Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған шаһарда өтіп жатқаны маңызды дейді. Мемлекет басшысы елде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазатындар көбейгенін айтты. Мемлекет басшысы «мұндай үрдіс елдің бірлігіне кесірін тигізеді» деді.
– Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды. Сондықтан ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүргенін айтты. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық деген Мемлекет басшысы, ешқандай ағымға бет алмай, қазақтың дәстүрлі діні сунниттік бағытағы Ханафи мәзһабына ден қоюға шақырды.
– Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тіл мәселесіне де тоқталды. Президенттің айтуынша, оның қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады деген Тоқаев, «бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық» деп атап өтті.
– Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітап шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзін қорыта келе, Президент келесі Ұлттық құрылтайды Көкшетауда өткізуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққанын еске салып, бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алатынын айтты. Осылайша төртінші ұлттық құрылтай отырысы арқаның кербез сұлу Көшетауында өтеді.
Айта кетейік, осыған дейінгі Құрылтайдың екі отырысы Ұлытау мен Түркістанда ұйымдастырылған.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Ұлттық құрылтайда қандай меселелер көтерілді