Ел Президенті бұл маңызды басқосуды еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деп пікір білдірген
Ұлттық Құрылтай биыл көктемде өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел тарихында қайта жаңғырып, қолға алынған алқалы жиын ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алған еді. Одан соң басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһар Түркістанда өтті. Мемлекет басшысы енді елдікке қатысты бірқатар маңызды мәселе шежірелі Атырау облысында талқыға түсетінін айтты.
– Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келген құрылтайдың отырысын биыл көктемде өткізетін шығармыз. Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалады, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президенті бұл маңызды басқосуды еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деп пікір білдірген еді. Ұлттық құрылтай мүшелерінің айтуынша, оның негізгі мақсаты – қоғамды жұдырықтай жұмылдыру, бірлік пен ынтымақты нығайтып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару.
– Президент Тоқаевтың саясатының темірқазығы – әділ Қазақстан құру. Сол себепті ол бірнеше қоғамдық ұйымды ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. Ұлттық құрылтай дегеніміз – сондай қоғамдық ұйымның бірі. Онда талқыланатын сұрақтар әртүрлі. Құрылтайдың мүшелері кез келген сұрақ жөнінде өз пікірін айтуға құқылы, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев.
Сондай-ақ ел Президенті Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін Конституциялық сотты қайта құрудың маңыздылығын атап өткен. Сарапшылар Қазақстандағы әділет жүйесіндегі өзгерістер – саяси реформалардың негізі деген пікір білдірді.
– Оның құрамында 11 судья бар. Бұл соттың негізгі мақсаты – қандай да бір заңнаманың ең басты заңымыз, Ата заңға сай немесе сай емес екенін анықтау. Конституциялық сотқа кез келген Қазақстан азаматы, сонымен қатар Конституцияда ерекше атап өтілгендей, Бас прокурор және адам құқығы бойынша уәкіл өтініш бере алады, – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің аға сарапшысы Қуаныш Сайлау.
Айта кетейік, Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бері жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бұрын бұл институт 1993-1995 жылдары болған. Бүгінде қайта жаңғырып, еліміздің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қабылданған заңдар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді - ҚР Президенті