Бүгін - Қазақстан құтқарушыларының кәсіби мерекесі

20.10.2023 в 00:27

1995 жылы Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды

Бүгін – адам амандығы үшін отқа да, суға да түсуден тайсалмайтын еліміздің құтқарушылары күні. Айтып келмейтін апатта, қызыл жалын шарпыған шақта өзгенің жанын өзінікінен артық қоятын арнайы қызметтің құрылғанына биыл 28 жыл болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар үшін әр секунд санаулы. Тілсіз жау тигенде, апат жағдайда тұрғындардың аман қалуы құтқарушылардың жұмысына тікелей байланысты. Кез келген қауіпте оқиға орнынан табылатын құтқарушылардың мінедеті – оның салдарымен күресу.

– Еркек үйден шығып бара жатқанда, қайда баратынын сұрамайды ғой. Әрине, жақындарым амандығымды тілейді. «Жұмыстан шық, бұл саланы таста» деп айтқан емес, – деді ТЖД 5-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ербол Есетов.

Төзім мен батылдықты талап ететін салада жүргендердің бірі – Ербол Есетов. Еліміздің төтенше жағдайлар қызметінде 26 жылдан берді еңбек етіп келеді.  Ол Алматыда ғана емес, республиканың өзге өңірінде құтқару операциясына қатысқан. Абай облысындағы орман өртіне де барған. Қатардағы өрт сөндіруші болып бастаған подполковник бүгінде бір бөлімнің бастығы. Үш баланың әкесі.

– Баланың өскенін байқай бермеймін. Үнемі жұмыста жүремін. Балалардың анасына рақмет. Сол кісінің арқасында алаңсыз қызмет етіп жүрмін, – деді ТЖД 5-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ербол Есетов.

Жұмыстың қызығы мен шыжығын еске алған маман саладағы өзгеріске тоқталды. Оның айтуынша, қазір шақыру азайған. Бірақ бір күнде кем дегенде 3 қоңырау түседі.

– Бүгін өрт сөндірсек, ертең сел қаупін жоямыз. Арғы күні дауыл соқса, жолда қалғандарды құтқарамыз. Үй-жайдағы қызыл жалынды сөндіріп келген соң, таудағы тілсіз жаумен күресуге аттанамыз. Яғни, бұл қызметте алда не күтіп тұрғанын болжау қиын. Сондықтан әрдайым байланыста, қырағы болуға міндеттіміз, – деді ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Әділбек Жұмабаев.

Айта кететіні, еліміз егемендігін алғанға дейін кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған. Ол іспен көбіне қоғамдық ұйымдар мен құтқару бекеттері айналысатын. Жұмыстың бір бөлігі полицияға жүктелетін.

 Ал 1995 жылы Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Сол сәттен бастап төтеншеліктер жыл сайын мыңдаған адамды аман алып қалып, мойынға артылған міндетті орындап келеді.

Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы