Жаңа Қазақстанды құру өз үйіңнен, өз аулаңнан басталады. Белгілі Сенат депутаты Дана Нұржігіт Президент Жолдауында, саясатта айтылған әңгіме тұрмыстың әр саласынан көрініс табуы керек дейді. Белгілі журналист арнамыздың тілшілеріне өзінің бұрынғы тұрған үйін көрсетті. Оны көршілерімен бірігіп қалай ретке келтіргені туралы естелігін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сенат депутаты Дана Нұржігіт 2009 жылы Алматыдағы төрт қабатты пәтерлердің біріне көшіп келеді. 8 кіреберісі бар үйдің есігі ылғи ашық-шашық жататын, домофоны жоқ бір подъезінен пәтер бұйырған екен. Елордадан Алатау баурайына жұмыс сапарымен келген ол бүгін сол бұрын тұрған баспанасына бас сұғып кетпекке бекініпті. Бұл үйдің әрбір бөлігі, еденінен бастап қабырға, есігіне дейін ыстық дейді. Сол кезде бала күтіп жүргеніне қарамастан Дана Нұржігіт көршілерінің басын құрап, үйді ретке келтіруді өз қолына алған екен.
«Біз есікті бұзып, жаман иіс шығып тұратын жертөлеге қойдық та, орнына домофоны бар жаңа есік орнаттық», - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.
Ал бұл жұмыстарды атқаруы керек болған пәтер иелері кооперативінің өкілдері үйді жөндеуге қаржы жоқ деп шығарып салыпты сол кезде.
«ПИК өкілдері жүгіріп келді. «Сіздер не істеп жатырсыздар? Дүниемізді қопардыңыздар ғой» деді. Біз «Сіздер ақша жоқ дедіңіздер, сондықтан ортадан ақша жинап, бәрін жаңартып жатырмыз» дедім. Оны көрді де, жақсы деп құп көріп, бізге қолдау көрсетті. Бәрін өзіміз жаңарттық. Бір қызығы, біздің ісіміз бәріне үлгі болды. Ауламыз біртіндеп өзгере бастады. Бізді көрген көршілер де гүл отырғызып, хабарландыру тақтасын орната бастады», - деп еске алады Дана Нұржігіт.
Құрылыс базарына барып, керек темір-терсектің бәрін әкеліп, жұмысшыларға тапсырдым дейді депутат. Тіпті құлпы салынған есіктің кілтін әрбір тұрғынға таратып, үй шаруасына қатысты мәселе шыға қалса, оны жұмыла шешу үшін көршілердің телефон нөмірлері жазылған тізімге дейін жасап беріпті. Бұл жұмыстардың қалай ұйымдастырылғаны осындағы көршілерінің де есінде.
«Подъезімізде бөгде адамдар көп жүретін. Дана бәрімізді жинап, жөндеу туралы айтқанда бірауыздан біріктік. Содан бері көршілерімізбен татумыз. Ауламыз да түрленді. Көлік қоятын орнымыз пайда болды. Камера орнатылды», - дейді қала тұрғыны Владимир Кукушкин.
Мұндай әрекеттер бәлкім, көзге көрінбес, жанға білінбес. Алайда біз құрамыз деген Жаңа Қазақстанның кішкентай моделі осындай болуы керек. Жасампаз қоғам қалыптастыруды әркім өзінен, айналасынан бастауы тиіс дейді қайраткер.
«Мұның бәрі майда дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ жерімізге ие болу, Қазақстанды бірге құру деген істер осындай кішкентай тірліктен басталады. Өз үйіңнен, аулаңнан, көршіңмен қарым-қатынасыңнан басталады. Сондықтан ең бастысы, ауызбіршілік керек», - деді Дана Нұржігіт.
Жұртқа көрсеткен көмегің, қоғамға жасаған қолқанатың жас ұрпаққа үлгі. Жауапкершілік пен тазалықты баланың бойына жастайынан сіңіре білу маңызды. Осы қағиданы Дана өсіп келе жатқан ұлының құлағына ылғи құйып отырады.
«Мен дүниеге келеді деп ойлап, осындай жұмыстарды істеген анама алғыс айтамын. Отан – біздің ортақ үйіміз. Отанымызды да осылай жинап, ретке келтіріп, аялауымыз керек. Менің ойымша солай», - деді Дана Нұржігіттің ұлы Әлім.
Бүгінде алматылықтардың 50 пайызынан астамы пәтер иелері кооперативінен мүлік иелері бірлестігіне, яғни өзін-өзі басқару жүйесіне көшкен. Бұл осылайша, халықтың қоғам жұмыстарына біртіндеп араласа бастауына жол ашады.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы