Мереке күні еліміздің ақын-жазушылары мен ҚХА мүшелері де мемлекеттік марапаттан кенде қалмады. Президент жарлығымен жемісті шығармашылық қызметі және рухани интеллектуалдық әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше қоғам зиялысына «Парасат», «Құрмет» ордені табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ мәдениет және өнер саласына зор еңбегі сіңген тұлғаларға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Оны қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев табыстады.
– Жарты ғасыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сабақ беріп келемін. Сол еңбегімді елеп, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ беріп жатыр. Ерекше қуанып тұрмын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақ ұлты үшін – бүгін айрықша тарихи күн, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.
Сонымен қатар ҚХА-ның мүшелері де ерекше құрметке бөленді. Еліміздің бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан жандарға «Бірлік», «Жомарт жан» төс белгісі табысталды. Сондай-ақ түрлі қайырымдылық іс-шараларға қолдау көрсетіп жүрген меценаттар да марапатталды.
– «Ұлы көш» деген 4 томнан тұратын кітабым «Ғасырлық қасірет» деген атпен ағылшын тіліне аударылды. Бұдан кейін де халықтың болашағы үшін мемлекеттің дамуына үлес қосамын деп ойлаймын, – деді жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұрсынәлі Рыскелдиев.
Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев алматылықтарға Қазақстан Президентінің атынан Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды тапсырды