Саясаттанушылар мен экономистер: Президент сұхбаты ашық әрі еркін болды

19.02.2022 00:50

Мамандар Жаңа Қазақстанның болашағына қатысты тың ақпараттар айтылды деді

«Cұхбат ашық жүргізілді». Президентке қойылған сұрақтың барлығы еркін болды. Бұл – демократияның белгісі. Осылай деген саясаттанушылар қозғалған әрбір мәселе өзекті дейді. Олар Жаңа Қазақстанның болашағына қатысты тың ақпараттар айтылды деген ойын білдірді. Мамандар қоғамдағы ең маңызды мәселе заң үстемдігі болса, еңбекқорлық идеологиясы бүгінгі қазақ жастары сұранып отырған ең қажетті дүние екенін айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

             

Саясаттанушы Самат Нұртаза президентті әлеуметтік желіде сынаушылар не айтса да, ол бейбіт шерушілер мен террористердің, бұзақылардың айырмашылығын жақсы біліп отыр дейді. Президент қазірге дейін сырттағы да, іштегі де күштердің арасында теңгерім сақтай отырып, сарапталған саясат ұстанып келе жатқанын айтады.

«Жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылуы керек. Сонымен қатар, шындық айтқан адам ешқандай цензураға соқтықпау керек. Шындық әрқашанда шындық болып қалуы керек. Сондықтан да шындықпен жалғанды ажыратып, президентіміз айтқандай, жоғары деңгейлі журналистика сияқты қоғам құруымыз керек», - деді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Сұхбатты мемлекеттік мәселені мемлекеттік тілде айтуымыз керек деп бастаған Президенттің бұл сөзі жүректі дір еткізбей қоймады дейді жеке кәсіпкер Қуаныш Сүлейменов. Реформалар, сұхбаттың ең басты месседжі осы деп ойлайтынын жеткізді. Оның пайымынша, тек қаңтар оқиғасынан ғана емес, жалпы кейінгі 30 жылдан үлкен сабақ алуымыз керек. Кәсіпкер жастарды еңбекқор болуға шақырды.

«Кеше президент сөйлегендей, ең бастысы, еңбексіз түк болмайтыны рас. Әр адам жақсылыққа аспаннан ештеңе күтпей, өз еңбегімен жету керек. Кеше Президент айқандай, өзімізге жауапкершілік алмасақ, Қазақстанды гүлдендірмесек, әркім өз жұмыс орнында жақсылық істемесе, елдің жағдайын түзетпесе, басқа мемлекеттен біреу келіп істеп бермейді», - дейді кәсіпкер Қуаныш Сүлейменов.

Президент сұхбатында «Қаңтар қасіретін» зерттеп жатқан прокуратура, сот бар екенін айтып, қоғамдық комиссия жұмысының да маңыздылығына тоқталды. Экономист Азаматхан Әміртай осындай пікір білдірді. Өйткені алаңға шыққандардың бәрін террорист, лаңкес деуге болмайтынын, қазір қамауда отырған мыңдаған адамның ішінде жазықсыздар болса, оларға тимеу керек екенін Президент қадап айтты дейді. Ол тәуелсіз құқық қорғаушыларды мысалға келтірді.

«Қаңтар оқиғасында болған кезде азапқа түскен адамдар мен қайтыс болған адамдардың оқиғасы бізді мазалап отыр. Осы мәселе турасында Президенттің сөзін тыңдадым. Президент Тоқаев қазіргі таңда тәуелсіз құқық қорғаушылардың осы мәселені қолға алғаны туралы айтты. Өйткені қазір билікпен байланысы бар құқық қорғаушылар немесе мемлекеттің өзіндегі полициялар істесе, олар бірбеткей, біржақты қорытынды береді», - деді экономист Азаматхан Әміртай.

Президент өз сұхбатында сондай-ақ, экономикадағы белгілі бір адамдардың үстемдігіне шектеу қою керек екенін де ескертті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің басты мақсаты саясат пен экономикадағы монополияны жою әрі бәсекелестікті арттыру екенін айтты.

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан