|
09.05.2022 | 20:08
928

Ардагедің сүйегі 77 жылдан кейін өз топырағына жерленді

Қоғамдық бірлестіктің дерегінше, майданға елімізден 1,5 миллион азамат аттанған

Ардагедің сүйегі 77 жылдан кейін өз топырағына жерленді Almaty.tv

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалғандарды табу – үзіліп қалған ұрпақ сабақтастығын жалғау, тарихымызды түгендеу. Осыны көздеген «Атамның аманаты» қоры небәрі 3 жылда соғыстан қайтпаған 1000-нан астам сарбаздың жерленген жерін анықтады, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Қоғамдық бірлестіктің дерегінше, майданға елімізден 1,5 миллион азамат аттанған. Соның 600 мыңнан астамы қасық қаны қалғанша соғысып, ұрыс даласында жер құшты. Ал 270 мыңға жуығы хабар-ошарсыз кеткен. Алматылық Марс Ағожаұлының бес бірдей атасы майдан даласына аттанған. Тек әкесі 1946 жылы елге аман-есен оралыпты. Қалғандарынан еш хабар болмай, артынан «ұрыс даласында қаза тапты» деген қара қағаз да келмеген екен. Кейіннен сұрапыл соғыстан қайтпағандар туралы дерек іздеумен айналысатын қоғамдық қордың барын естіп, сонда жүгініпті. Сөйтіп өзінің нағашы атасы Сүйенбай Назыбайұлының Ресейдің Воронеж қаласындағы ұрысқа қатысып, 42 жылы қайтыс болғанын анықтаған. 2019 жылы оның денесін елімізге әкеліп, Алматы облысына, өз туыстарының қасына жерлепті. Араға 77 жыл салып қазақ батырына өзінің туған жерінен топырақ бұйырған  

«77 жылдан кейін жат жерден табылып отыр. Атамызды өзінің туған ағасы Нүсіпбай мен жеңгесінің қасына жерледік. Сол жерден, қазақ топырағынан орын бұйырды», – деді қала тұрғыны Марс Нүкетаев.

Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен аталарын бүтін бір әулет біразға дейін сарылып күткен. Марқұм анасы төсектерін жинамай, жыл сайын соғым сыбағаларын да сақтап қойған екен. Сол жылдары ауылға аман-есен оралғандар да болған деседі.

«Өткен жылы атамыздың сүйегі келгеннен кейін менің қолыма еріксіз қалам ұстатты. Мен осы кісілер туралы  естелік кітап жазып қалдырғым келді. Ұлы Отан соғысы туралы, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен боздақтар туралы», – деді қала тұрғыны Марс Нүкетаев.

«Атамның аманаты» қоғамдық қорының құрылғанына 3 жыл болса да, қазба жұмыстарының нәтижесінде ұрыс даласынан қайтпаған 1000-нан астам сарбаздың жерленген жерін анықтап, туыстарына ақпарат жеткізіп үлгерген.

«Мәйіттің жанында әрқашанда не гильза, не медальон жатады, оның ішінде ақпарат жазылған. Сол деректер бойынша бұл мәйіттің кімге тиесілі екені белгілі болады. Соғыста өткен жерлермен байланыс бар», – деді  «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Анар Әуесбаева.

Аталардың аманатын арқалаған қоғамдық қорға әлі де хат жазып, хабарласатындар көп. Осы күнге дейін 5000-нан астам тапсырыс түсіпті. Қазір бірлестік Еуропа мен Ресейдің іздестіру тобымен бірлесе жұмыс атқарып жатыр.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир