Елордада сарапшылар жаңа реформаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандар Жаңа Қазақстан құру үшін билік те, халық та көп жұмыс атқаруы керек деді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің экономикалық саясатының мақсаты айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағыт-бағдары бар нарықтық экономика құру және оны дамыту. Елордада өткен «Жаңа Қазақстанды құру жағдайында қоғамдық келісім мен қоғамдық-саяси өзгерістердің тиімді форматын қалыптастыру» тақырыбында сарапшылар жаңа реформаларды жүзеге асырудың жолдарын талқылады. Елдің әлеуметтік ахуалын көтеруде туындаған мәселелерді ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


«Әлеуметтік жағдайымыз төмен, кедейлік бар» деп өзіңнің көршіңнен ұрлаудың қажеті жоқ». Осылай деген саясаттанушы Қазбек Майгелдинов кешегі өткен қаңтар оқиғасындағы ұрыларды сынға алды. Саясаткер Жаңа Қазақстанға «жаңа саналық деңгейді» көтеру керек деп есептейді. Себебі барлық жүкті мемлекетке артпай, әрбір азамат жауапкершілікті сезінуі керек деген пікірде.

«Кешегі қаралы қаңтар оқиғасы көрсетті. Әкімдер көп жерде халық алдына шыққан жоқ. Шыққанның өзінде, әкімдерге сыйластық болған жоқ. Әкімдерге түсіністік болған жоқ. Неге? Өйткені оларды халық сайламады. Екінші жағынан, халықтың алдында қандай да бір жауапкершілігі болған жоқ. Яғни, бұл жерде біз нені түсінуіміз керек. Ертеңгі күні халық өз әкімін сайласа, әкім халыққа тәуелді болмақ. Халық өз шешіміне тәуелді болады», - деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.

«Жаңа Қазақстанды құруды мемлекетімізде орта тапты қалыптастырудан бастасақ дұрыс болады». Саясаттанушы Бауыржан Серікбай осындай пікір білдірді. Себебі бүгінгі таңда елімізде 1 миллионға жуық азаматтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Ал 1,5 миллионға жуық азамат өз несиесін төлей алмай отыр. 500 мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр, салдарынан баспана мәселесі шешілмеген.

«Халықтың қойып отырған сұрағы «Қазақстан деген асты-үсті байлыққа толы мемлекет. Бірақ неге халық кедей деген сұрақ туады. 19 млн халық – бір Стамбұлдың, бір Мәскеудің, бір Шанхайдың халқы. Халық осындай жағдайда отырған кезде ең бірінші әділеттілік іздейді. Екінші мәселе, халқымыздың 40 пайызға жуығы ауылда орналасқан. Бірақ қарапайым ауылда малын жаятын шабынды жердің бәрін белгілі бір топтар иеленіп алған. Мал бағатын жері жоқ», - деді саясаттанушы Бауыржан Серікбай. 

Ал Мақсұтбек Айтмағанбет отбасы институтын тез арада қолға алу керек дейді. Себебі қоғамда ажырасу көбейгені былай тұрсын, балаға дұрыс тәрбие беріліп жатқан жоқ дейді.

«Мемлекет, қоғам болып сенімді қайтаруымыз керек. Ал ол үшін тәрбиеге көңіл бөлу керекпіз. Және ол бір күнде шешілетін нәрсе емес. Барлық бағдарламаларды бір немесе екі жылда «шешіп» тастаймыз. Ал біз бұл бір-екі жылда емес, 5-10 жылда шешіледі деп айтуымыз керек. Сондай-ақ қазіргі үлкен проблема – білімді жастардың елден кетуі мәселесі», - деді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.

Жалпы, мамандар Жаңа Қазақстан құру үшін билік те, халық та көп жұмыс атқаруы керек деді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров