Қазақстан аумағынан заңсыз шығарылған капитал 100 млрд доллардан асуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Ұлттық экономика министрі капиталды қайтаруға арналған механизмдер қарастырылып жатқанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан аумағынан заңсыз шығарылған капитал 100 млрд доллардан асуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысының Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы өткен брифингте Қазақстан аумағынан заңсыз шығарылған капиталдың болжамды сомасы белгілі болды. Шамамен 100 млрд доллардан асады. Капиталды қайтаруға арналған механизмдер қарастырылып жатқанын айтқан Ұлттық экономика министрі оның бірнеше түрін атады.

«Шетелде бірнеше ондаған миллиард доллар бар. Елге капиталды қайтарудың әртүрлі механизмдері кездеседі: салықтық және салықтық емес. Біз салық салуға екі жақты қараймыз. Бір жағынан қазіргі қолданылатын тәсілдер елімізден заңсыз ақша шығарудың алдын алады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Ал Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруға қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Осылай деген Экономика министрі қазір нақты қанша қаражат керегі белгісіз екенін айтты. Оның айтуынша, қазір комиссия анықтап жатыр. Үкіметке сметалық құжаттаманы әзірлеуді бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқтауы тиіс.

«Қарағанды облысы бойынша мәслихат сессиясын өткізу керек, онда Қарағанды және Ұлытау облысының шекарасы бойынша мәселе қаралатын болады. Сонымен қатар, құрылатын мемлекеттік органдар үшін қажетті штат санын қалыптастыру, жаңадан құрылатын облыстардағы қызметтік үй-жайларға қажеттілік мәселелері талданады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ брифингте Әділет министрі Қанат Мусин Президенттің Жолдауын іске асыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң шығарылатынын жеткізді.  Заң жобасы пысықталып жатыр. Қоғам мен журналистер тарапынан көтерілген мәселелер, Президент нұсқаған бағыттардың бәрі сол заң жобасында көрсетілетін болады.

«Бұдан әрі Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетілігін арттыру және азаматтық қоғам институты рөлін нығайту мәселесі бойынша саяси реформаның 7 бағытын іске асыру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәселе бойынша жеке заң жобасын әзірлейтін болады», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Сонымен қатар, экономикаға жауапты министр қазақстандықтар осындай құбылмалы кезеңде қолдағы ақшасын инфляциядан қалай сақтандыруы керек деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, ең қарапайым тәсіл ақшаны теңгедегі депозиттерде сақтау. Доллардың қымбаттайтынына сеніп отырып, ақшаны жоғалтуға болады. Себебі бізде доллардағы депозиттерге 1 пайыз көлемінде ғана жылдық мөлшерлеме белгіленген екен.

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров