Тарихы атауын қайтарған қала: Қонаев шаһарын қандай өзгерістер күтіп тұр

05.05.2022 14:09

Мемлекеттік мекемелер мен бүкіл ғимараттың ескі атауы жаңартылды

Almaty.tv

Тарихи атауын қайтарған Қонаев қаласы – Алматы облысының орталығы. Мемлекет басшысы бүгін үш облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысын бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше ел Президенті Қапшағайдың атын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Ел күткен елеулі сөз бүгін-ақ іске асып жатыр. Ер еңбегінің еленгеніне шаһар тұрғындары да қуанышты. Кеше шыққан жаңалықты бүгін жарыса сүйіншілеген олар енді қала көркейеді дейді.

«Қаламызға кеше Қонаев атамыздың атын қойды, қаладағы мемлекеттік мекемелер, әкімшіліктен бастап барлық ғимараттың атауы өзгертіліп, ауыстырылды», – деді Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Берік Дүйсенбаев.

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – Қапшағай қаласының негізі қалануына бірден-бір себеп болған жан. Оны жастар да біледі. Енді осы кісінің еңбегін келер ұрпаққа насихаттау міндеттіміз», – деді Қонаев қаласының тұрғыны Жексенгүл Тайшығашева.

«Қонаев атамыздың аты аталып қаламыз көркейеді деп ойлаймын. Жұмыс орындары ашылып, қаламыздың жастарына оқу орындары ашылса жақсы болар еді», – деді Қонаев қаласының тұрғыны Жанат Қалжанова.

Қазыналы Қапшағайдың негізі осыдан жарты ғасыр бұрын қаланған. О баста қуат өндіру мен өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және балықшылық бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаған аға буын қаланың құрылуына айрықша ықпал еткен еді.  Бұл қатарда әуелден аты аталатын азамат – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Қапшағайдың Іле алқабында орналасуы да жаңа өндіріске тірек болған.

«Қапшағай қаласы мен Қапшағай су электр станциясының салынуына мұрындық болған, істің ілгері дамуына үлес қосқан Димаш ағамыз», – деді «Нұрлы өлке» газетінің тілшісі Зарыққан Әбілқасымұлы.

Көл мен шөлдің түйіскен жеріндегі аймақ – экотуризм мен өндірістің орталығы. Туристік әлеуеті де, экономикалық һәм саяси маңызы да мұндағы су қоймасының ресурсына негізделген шаһар үшін жаңару мен дамудың жаңа кезеңі басталды.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы