Тіл реформасына жастарды тарту қажет – қоғам қайраткерлері

Almaty.tv
Almaty.tv
Ел ағалары Президент көтерген басқа да бастамаларға пікір білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа Қазақстанды құруда тілді сақтау тіпті бөлек мәселе. Бұл ретте тіл реформасы жасалуы керек. Президенттің бұл сөздерін қолдаған қоғам қайраткерлері бұл іске жастарды тарту қажеттігін айтты. Тілі мен діні кетсе, мемлекет құриды дей келе, ел ағалары Президент көтерген басқа да бастамаларға пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бүгінде қоғамның әрбір өкілі «Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз? Қайткенде елдің, ұлттың мүддесін қорғаймыз? Саналы ұрпақ пен сау қоғамды қайтып қалыптастырамыз?» дейтін сауалдарға өзінше жауап іздеп әлек. Осы ретте бірқатар дін өкілі Президенттің сұхбатында айтылған мәселелерді қолдап, алдымен ел болып ауызбіршілікті сақтауымыз маңызды деген пікір білдірді.

«Президент Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатыр. Осы жерде назар аударсақ, «құрамын» деген жоқ, «құрамыз» деді. Әрбір саланың өкілі осы бағытта, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда өзінің үлесін қосуы керек. Дін бағытында да мүфтият өзінің құрамымен осы елдің ішіндегі тұрақтылықты, тыныштық сақтаудағы өзінің титтей де үлесін қосу үшін қамданып жатыр», - деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.

Қаңтар оқиғасы тәуелсіздікке тат түсірмеуді, еркіндіктің қаншалықты қастерлі екенін ұқтырды. Осы ретте Тәуелсіздіктің символы болған Алматыны ретке келтіруге арнайы тапсырма берілген еді.

«Алматы қаласы мемлекетіміздің айнасы болғандықтан, оның келбетін бұрынғы қалпына келтіруге барлық адам жұмыла кірісуі керек. Әркім өз саласы арқылы өз үлесін қосуы керек. Өйткені «Отанды сүю - иманнан» деген қанатты сөз бар. Әр адам өзінің отанын, тұратын қаласын сүюі керек. Сол жердің тазалығы, ауызбіршілігі, тыныштығы үшін әркім өз үлесін қосуы керек», - деді Әбу Ханифа» медресе-колледжінің директоры Құлмұхамед Махамбет.

Президент сұхбатында егемен елді «дербестігін жалаң сөзбен немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдейтін ел» деп сипаттады. Ал нақты іспен дәлелдеуде білікті маман, білімді қоғам қажеттігі белгілі. Сондықтан да сапалы адам, адам капиталы сияқты мәселелер өзекті.

«Бізде адам капиталы 15-18 пайыз ғана болар. Ал батыс елдерінде 75 пайыздан жоғары көрсеткішті құрайды. Орта тапты, яғни ұстаздар, дәрігерлер, инженерлерді көбейтіп, сол салаларды дамыту керек. Батыс елдеріндегідей, олардан келер пайда мемлекетте 50 пайыздан артық болса, онда біз де дамыған елдер қатарына кіреміз», - деді  халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім.

Жаңа Қазақстанды құруда тілді сақтау тіпті бөлек мәселе. Бұл ретте тіл реформасы жасалуы керек. Өте нәзік дүниеге байыппен, саралай қараған жөн деді мемлекет басшысы.

«Президентіміз тілді реформалау керек деп отыр. Тілі мен діні кетсе мемлекет құриды деген сөз бар. Сондықтан біз қазір тілге өте қатты көңіл бөлуіміз керек. Жастарды көп тартуымыз қажет, қазір осы жағында көп жұмыс істеп жатырмыз», - деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, қалалық халықаралық қазақ тілі қоғамының төрағасы Құсман Шалабаев.

Айтылып жатқан мәселе, қайта қаралар құндылықтар, жаңа міндеттер көп. Үдере көшіп, даурыққаннан білекті сыбанып, біріге іске кірісу артық болып тұр қазір. Президент айтқандай «Қазақстанның болашағы сол кезде жарқын болатыны сөзсіз».

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров