Президент ұстанған саясат жүзеге асса, халықтың әл-ауқаты жақсарады – сарапшылар

22.02.2022 01:42

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық арнаға берген сұхбатында да алдымен азаматтық қоғаммен ауқымды диалог жүргізу керек екенін айтты

Almaty.tv

Президенттің әлеуметтік, экономикалық, саяси, қауіпсіздік және қорғаныс мәселелерін шешу бағытында жүргізіп жатқан реформалары – жаңа экономикалық тұғырымыздың бастауы. Сарапшылар мемлекет басшысы ұстанып отырған саясат сәтті жүзеге асса, қордаланған түйткілдер шешіліп, халықтың әл-ауқаты жақсарады деген пікірлерін білдіруде. Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарнаға берген сұхбатында да алдымен азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен кең ауқымды диалог жүргізу керек екенін айтқан еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде жүргізіле бастаған тың саясаттан халық оң нәтиже күтіп отыр. Ал Үкімет оны жүзеге асырудың жолдарын айқындап жатыр. Өйткені Президент экономиканы қалпына келтіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын оңтайландыру, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін кемелдендіру, пайдалы қазбалардан түскен табысты ел игілігіне пайдалану секілді көптеген мәселелерді белгіленген уақытта шешуді тапсырды. Бұл оңтайлы шешімдердің берері көп, дейді экономист мамандар. Және әрқайсысы қай салада қандай өзгерістер керек екенін айтуда.

«Экономиканы әртүрлі салаға дамыту міндетті түрде қажет. Онсыз біз экономиканы көтере алмай отырмыз. Мысалы ауыл шаруашылығын алсақ, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, көкөніс тағы басқа саланы дамыту керек. Содан соң сол өнімдерді толық өндіріп, өңдеп, халыққа ұсыну жағын реттеу қажет. Салалардың ішінде бізде егін шарушылығы, мал шаруашылығы бар. Ал оларды бөліп қарауға болмайды», - деді экономист Жангелді Шымшықов.  

Президент ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесіне де ден қойып отыр. Бұл бағытта арнайы қор құрылғаны да белгілі. Сонымен қатар, шетелдік және ұлттық инвесторларды қолдау мақсатында арнайы тұжырымдама әзірленбек. Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін шамадан тыс байып кеткен компаниялар мен олигархтар тобы елдегі бәсекелестікті төмендеткенін айтып, шетелдегі қаражатты қайтаруды да қадағалап отыр.

«Меніңше, біз Үкіметте де, әкімдікте де кемінде 2 партияның өкілдерін енгізе алсақ, нақты саяси бәсекелестікке қол жеткізер ежік. Мен Президенттің бұл шешімін екі қолмен қолдаймын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік билікке берген тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды еңсеруге, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз. Ең бастысы, айтылған сындарды еңсеру жолында бірігу қажет.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан