«Құрылтай» қосымшасы – халықпен байналыс жасаудың тиімді әдісі

18.06.2022 01:44

Бұл үрдіс ел тарихындағы маңызды аймақтарды қайта жаңғыртады

Almaty.tv

Жалаң сөзден іске көшетін уақыт келді. Осылай деген тарихшылар кеше құрылтайда көтерілген мәселелерді қолдап, ұсынысын да білдірді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал саясаттанушылар қазақ болмысын ұлттық рухпен қанаттандырған алқалы жиынның киелі мекенде өтуі де бекер емес дейді. Аға буын өкілдері Ұлытауға облыс атағының берілуі, биліктің халықпен етене жақын болуы – қалың жұртшылықтың көңілінен шыққанын алға тартты.  

Замана тоғысында атадан балаға мұра болып, тұтастықты жалау еткен ұмыт дәстүр бүгінде қайта жаңғырып отыр. Киелі мекен Ұлытаудың төрінде өткен құрылтайдың негізгі міндеті де осы – ұлтты ұйыстырып, парасатты қоғам қалыптастыру, елді дамытуда тың идеялар мен ұсыныстарға ашық болу. Осылай мәлімдеген Мемлекет басшысы «жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіру – негізгі мақсат» деді.

«Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Біз ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Халықтың болмысын және қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Елдің ең басты құндылығы – егемендік» деген Президент өз сөзінде қазір жаңа саяси партиялар мен қозғалыстардың пайда бола бастағанын атап өтті. Бұл Қазақстанда халықтың саяси біліктілігі мен белсенділігінің артқанына дәлел деген пікір білдірді. Игі бастаманы қолдаған Хангелді Әбжанов құрылтай – қазіргі қоғамның санасын жаңғыртуға, ұлттық рухты көтеруге септеседі дейді. Ол үшін тарихшы Республика күнін кері қайтарып қана қоймай, оны «ұлттық мереке» ретінде атап өту қажет деген ұсыныс жасады.

«Бізге қазір Республика дегеннен гөрі «Ұлттық мемлекеттік күн» деген той керек. Біз Ұлттық мемлекетімізді енді құрып жатқан халықпыз. Соны ұлттық деңгейде тойлайтын болсақ, жас ұрпақтың санасына «мемлекет» деген нәрсе шегеленер еді. Тез арада осындай атаумен атасақ, ұтылмаймыз. Кеңес заманында ұлттық мемлекетімізді құра алмадық», – деді тарихшы Хангелді Әбжанов.

Ал саясаттанушылар алқалы жиынның киелі мекенде өтуі, келесі басқосудың Түркістанда жоспарлануы бекер емес дейді. Олардың айтуынша, бұл үрдіс ел тарихындағы маңызды аймақтарды қайта жаңғыртып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болмақ. Одан бөлек қалың жұртшылықпен етене жақын болу мақсатында іске қосылатын «Құрылтай» қосымшасы – көптің мәселесін күттірмей шешуде тиімді жоба.

«Еңбектеген баладан қартайған қарияға дейін қосымшаларды қолданатындығы, әлеуметтік желілерде белсенді екені белгілі. Сондықтан да қосымша – Қазақстан халқының ой-пікірімен санасып, қарым-қатынас жасаудың тиімді әдісі. Әлеуметтік дағдарыстарды шешуге, жедел іске қосуға үлкен мүмкіндік болады», – деді саясаттанушы Жомарт Сімтіков.

Осылай зиялы қауым өкілдері Ұлттық құрылтай жылдар бойы қордаланған мәселелерді оңтайлы шешетін бастама дейді. Оған қалың жұртшылықтың артар үміті көп, күтері мол.  

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы