«Қалыптасқан кереғар таптаурындардан арылып, ұрпақтың ұлттық тәрбиесіне үңілуіміз керек». Бүгін осылай деген қалалық қоғамдық кеңес өкілдері мен бір топ ғалым, имам, дінтанушылар «Халықтың рухани және діни тәрбиесінің жай-күйі» тақырыбында жиын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қатысушылар, қаңтар оқиғасы елдің рухани дүниесі мен ұрпақ тәрбиесіне, діни сауатына қатысты мәселелерді бірден алдыңғы орынға шығарып жіберді деді. Сондықтан Жаңа Қазақстан құруда ұлттық құндылықтардың маңызын жете түсінуіміз қажет дегенді алға тартты қоғам қайраткерлері.
«Егер осындай оқиға енді қайталанбасын десек, тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Ол отбасынан бастап, балабақша, мектептегі тәрбиемен ұласады. Жоғары оқу орындарында, жалпы қоғамдық тәрбиені естен шығңармауымыз керек. Тәрбиенің алтын діңгегі ұлттық тәрбие болуы керек», - дейді М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
Сондай-ақ шара барысында бүгінгі діннің ахуалы мен ондағы шиеленіскен түйткілдер сөз болды. Түрлі тақырыпта баяндама оқыған қатысушылар дінтану сабақтарын балабақша мен мектептерге енгізу туралы ұсыныс айтты. Енді бірі мұндай лаңкестік әрекеттер орын алмас үшін дін мен мемлекет арасын жақындастыру, ұлттық-діни негізде жұмыс істеу қажет екенін, керек болса саяси бірлестіктер құру туралы ой қозғады.
«Әр мемлекет сол батыс Еуропадағы өзінің ұлттық негізіне қарай саяси бірлестігін құрған. Сондықтан бізде де кейбір нәрселерді қайта қарау керек деп ойлаймын. Өйткені ұлттың табиғи болмысына, табиғатына жақын болуы керек және ол жұмыс істеуі керек. Мейлі ол тіл болсын, дәстүр болсын, түбірлі ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруіміз керек», - деді философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов.