Қала тарихындағы тағы бір маңызды белес – оның астана атанған кезеңі
Алматы – уақыттың талай белесін артқа тастап, бүгінге жеткен шаһар. Оның әр көшесінде – өткеннің ізі, әр ғимаратында – бір дәуірдің табы, ал самал желінде – көне қаланың үні бар. Бүгінгі биік үйлер мен қарбалас тіршіліктің астарында ғасырлар қойнауынан жеткен тарих жатыр,
Алматының тарихы – ғасырлар бойы үзілмей жалғасқан тіршіліктің, талай ұрпақтың табаны тиген қасиетті мекеннің шежіресі. Іле Алатауының баурайында орналасқан өлке – ежелден адамзат өркениетінің маңызды ошақтарының бірі. Ұлы Жібек жолы арқылы өткен керуендер шығыс пен батысты жалғап, осы маңға саудамен бірге мәдениет пен өркениеттің жаңалығын жеткізді.
«Академик Карл Байпақов – белгілі қазақстандық үлкен археолог, монеталардан «Алмату» деген жазуды оқып, Алматы қаласының көне дәуірден бері өмір сүріп келе жатқанын дәлелдеп кеткен. «Жібек жолы» деп аталуының өзі – осы арадан керуендердің өткенінің белгісі», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасының доценті Еркін Ермұханов.
Ғасырлар алмасып, заман өзгерді. Көне мекеннің орнында жаңа қала бой көтерді. XIX ғасырдың ортасында Кіші Алматы өзенінің бойында Верный бекінісінің негізі қаланды. Алғашында әскери мақсатта салынған бекініс уақыт өте келе айналасына халықты топтаған, саудасы мен тіршілігі қызған қалаға айналды. Көшелер салынып, үйлер тұрғызылды.
Алматы тарихындағы тағы бір маңызды белес – оның астана атанған кезеңі. 1929 жылы қала Қазақ КСР-інің бас қаласы болды. Осы жылдары шаһарға республиканың түкпір-түкпірінен ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары мен білікті мамандар жиналды. Қала біртіндеп елдің саяси, мәдени және ғылыми орталығына айналды. Оның көшелерінде жаңа ғимараттар бой көтеріп, театрлар мен оқу орындары ашылды. Алматының рухани тынысы кеңейіп, шаһардың келбеті өзгеріп, маңызы да арта түсті. Алып мегаполис тәуелсіз елдің алғашқы астанасы болды.
«Алматы – тәуелсіздіктің бесігі. Шаһарда егенмендік туралы декларациямыз да, тәуелсіздік туралы декларациямыз қабылданды, Қазақстанның мемлекеттілігінің қалыптасуына Алматы куә. Сондықтан қаланың орны ерекше», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасының доценті Еркін Ермұханов.
Алматыға көз салсаңыз, оның тарихын бір ғана дәуірдің шеңберіне сыйғызу мүмкін емес екенін аңғарасыз. Көне ғимараттар мен кеңестік кезеңнен қалған сәулет үлгілері, тәуелсіздік жылдарында бой көтерген нысандар мен заманауи құрылыстар - бәрі бір қаланың келбетін құрайды. Алматының ерекшелігі де осында. Ол өткенін жоғалтпай, болашаққа ұмтылады.
«Заманға сай инфрақұрылым құрылып, жаңа ғимараттардың бой көтеруі – тарихтан бас тарту деген сөз емес. Алматыда да көлік жүйелері өзгеріп, мәдениет, білім беру, бизнес және демалыс үшін жаңа кеңістіктер пайда болып келеді. Бұл – табиғи құбылыс. Алайда мыңжылдық шаһардың тарихи келбетін сақтап, заманауи қаланы қатар дамыту маңызды. Мегаполис әкімдігі де осы бағытты күшейткен. Бұл жұмысқа сәулетші ретінде жоғары баға берем», – деді сәулет ғылымдарының докторы, профессор Гүлнәр Әбдірәсілова.
Алматының тарихын қаланың өзінен де көруге болады. Әр кезеңге тән көшелер, көлеңкелі саябақтар, ғасыр куәгері болған ғимараттар мен алаңдар – бәрі де қаланың өткенін бүгінмен жалғап тұр. Бұл орындардың әрқайсысы – талай адамның тағдырының куәсі.
БЛИЦ
«Алматы – мен үшін жастардың, еркіндіктің және мүмкіндіктің қаласы».
«Алматы – әдемі қала, армандар орындалатын қала».
«Алматы – болашаққа бастар мекен».
«Алматы – гүл қала».
«Алматы – жастардың қаласы».
Алатаудың баурайында жатқан мыңжылдық тарихы бар Алматының әр көшесі, әр ғимараты – сан қилы кезеңнің үнсіз куәсі. Қала өзгерді. Бірақ оның тарихы үзілген жоқ. Бүгінгі Алматыны өткеннен қалған мұра деп бағалау жеткіліксіз. Өйткені тарихтың тағы бір бетін сіз бен біз жазып жатырмыз.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Алматы қаласы – дүниежүзілік тоғызқұмалақ астанасы