Балшық үшін айыппұл: алматылық бизнесмендер жауапкершілікке тартылды

05.12.2024 16:50

Аралау барысында магистральдық көшелерде, аулаларда, сондай-ақ коммерциялық нысандардың аумақтарында жүргізілген тазалық жұмыстары тексерілді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов қыс маусымына дайындық аясында коммуналдық қызметтердің көшелер мен аулаларды тазалау жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аралау барысында магистральдық көшелерде, аулаларда, сондай-ақ коммерциялық нысандардың аумақтарында жүргізілген тазалық жұмыстары тексерілді. 

Соның нәтижесінде ғимараттарының айналасын тиісті деңгейде тазаламағаны үшін жеті коммерциялық ұйым 140 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды. Жалпы 516 880 теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Медеу ауданындағы тазартылмаған аула үшін мердігер ұйымға қатысты 20 АЕК айыппұл салу жөнінде әкімшілік хаттама толтырылды. 

Айта кету керек, Тазалық апталығы аясында «Алматы Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қаланы қыс мезгіліне дайындауда. Атап айтқанда, түскен жапырақтар мен қоқыстарды жинап, арық жүйелерін тазалау және аулаларды көріктендіру жұмыстары қолға алынды.

Санитарлық тазалық жұмыстары жалпы ауданы 25,1 млн шаршы метр болатын 2 318 көшені, ұзындығы 2 777 км аумақты қамтиды. Қысқы жұмыстарды тиімді атқару үшін 841 бірлік техника мен 1 400 жұмысшы жұмылдырылады. Сондай-ақ, «Алматы Тазалық» автопаркіне 32 жаңа заманауи техника қосылды.

Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап Алматы кәсіпкерлеріне көріктендіру төлқұжаты беріледі. Құжатқа сәйкес, олар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз етуге міндетті. Көріктендіру төлқұжатында абаттандыру мен санитарлық тазалықты сақтау, қоқыс жәшіктерімен қамтамасыз ету, шағын сәулет нысандарының дұрыстығын қадағалау талаптары көрсетілген. Талаптарды бұзған жағдайда кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.

Оқи отырыңыз: Алматыда келесі жылы қандай көшенің құрылысы аяқталады