Алматыда биыл атаулы күн кең көлемде аталып өтілмесе де, көшелер мен алаңдар шағын көлемде безендіріліп, мерекенің нышаны сезіледі
Елдегі эпид ахуал қиындап, Алматы қызыл аймаққа енгелі 28 наурызға дейін қатаң карантин сақталады. Яғни мерекелік кештерді өткізуге, жаппай тойлауға тиым салынған. Себебі ауруды өршітпеудің бірден бір жолы осы. Алайда, мейрамға орай қала ұлттық нақышта безендіріліп, мерекелік көңіл-күй орнады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көктеммен бірге жететін көне мейрамды халқымыз ежелден айрықша бағалайды. Дәл осы күні сапарға шықпайды, әбес сөйлемейді, бірін-бірі ренжітпейді, жоқ-жітіктерге жәрдем қылады. Өйткені, даланы Қызыр аралайды, жақсылықты көп көрсеткен шаңыраққа ырыс кіреді деген сенім бар. Мерекенің халық үшін алдымен танымдық, тәрбиелік мәні зор.
Алматыда биыл атаулы күн кең көлемде аталып өтілмесе де, көшелер мен алаңдар шағын көлемде безендіріліп, мерекенің нышаны сезіледі. Абылайхан даңғылы мен Сәтбаев көшесі, Тұңғыш Президент саябағында Наурыз мейрамын айшықтайтын белгі, безендірулер қойылды.
БЛИЦ:
- Бұрын қазақы нақышта тойланатын еді. Барлық жерде киіз үй тігілетін. Қазір құттықтаған жазбалар болмаса онша қатты сезілмейді.
- Пандемияға қарсы болғандықтан көп жер жабық, біз бұл мерекені отбасымызбен қарсы аламыз.
Осылайша, қалада ұлан асыр болмаса да салт-дәстүр мен жөн-жоралғының ырымы жасалды. Қала көшелерінде керегесі керіліп, шаңырағын көтерген ақ-шаңқан киіз үйлер тігелмеді. Десе де, көпшіліктің қалауы бір. Індеттен бір жола құтылып, қалыпты өмірге тезірек оралу.
БЛИЦ:
- 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күнімен баршаңызды құттықтаймын.
- Зор денсалуық, қажымас қайрат, әр отбасыға амандық, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын
- Наурыз мейрамы құтты болсын, ақ мол болсын.
- Жылдан жылға аман-есен жете берейік.
- Наурызымыз ұзағынан болсын, індетіміз бітіп, қалыпты өмірге оралайық.
Қалалық санитар мамандар биылғы Әз-Наурызды үйде болып, отбасымен бірге қарсы алуға кеңес береді. Қазіргідей індет өршіген шақта үй-үйді аралап, жиын өткізуді шектеуді сұрайды. Сондықтан, ортақ талапқа баршаның мойынсұнғаны жөн.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев