Алматыда санитарлық-эпидемиялық шаралардың сақталуын бақылау аясында 32 мониторингтік топ жұмысын жалғастыруда
Алматы әкімдігі қаланың коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты мегаполистегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қала тұрғындары мен қонақтарын коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын күшейтуге — бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, мүмкіндігінше қоғамдық орындарға, әсіресе нашар желдетілетін жабық орындарға (ғимараттарға) барудан бас тартуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Пандемия басталғаннан бері Алматыда COVID-19-дың 21 276 оқиғасы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққанда жұқтыру көрсеткіші — 1065,6.
Осы жылдың қаңтар айының соңғы 3 аптасындағы жас құрамы және жұқтыру орындары.:
• 35,4% — 20-39 жас аралығында, 27,4% — 40-59 жас аралығында, 21,5% — 60 жас және одан жоғары;
• 39,6% — қоғамдық орындарға бару, 27,5% — отбасындағы КВИ жұқтырған науқаспен байланыс, 20,3% — көлікте.
Сонымен қатар, отбасындағы іс-шараларда (құдалық және т. б.) жұқтырудың көбейгені атап өтілді.
Стационарлық емдеуде КВИ жұқтырған 909 адам жатыр: 745-інің жағдайы орташа ауыр, 149-ы ауыр жағдайда, 15-і өте ауыр жағдайда. КВИ белгілері бар 596 науқас үйде бақылауға алынған. Естеріңізге сала кетейік, Алматыда барлығы 7011 төсек-орын дайындалған, оның ішінде КВИ-мен ауыратын науқастар үшін 1866 орын.
Алматыда санитарлық-эпидемиялық шаралардың сақталуын бақылау аясында 32 мониторингтік топ жұмысын жалғастыруда. Қаңтар айының басынан карантиндік шаралардың сақталуын тексеру бойынша 305 іс-шара өткізілді, 2305 нысан қамтылды, 153 нысанда бұзушылықтар анықталды. Бұзушылық фактілері бойынша тиісті материалдар берілуде.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 17-24 қаңтар аралығында бір апта ішінде 101 рейд жүргізілді, 775 нысан қамтылды, карантиндік шаралар бұзылған 77 нысан анықталды. Сондай-ақ, өткен аптада барлық аудандардың ХҚКО-ры мен мамандандырылған ХҚКО-ры, қоғамдық көлік, әуежай және басқа да қоғамдық орындар тексерілді.
Кәсіпкерлік субъектілері пандемия кезеңінде қауіпсіздік шараларының талаптарын мүлтіксіз сақтауы қажет — бұл қызметкерлер мен келушілердің термометриясы, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтауды, жеке қорғаныс құралдарының (бетперделер, қолғаптар) ауыстырылуын, санитайзерлердің және дезинфекциялау құралдарының қорының болуын, үй-жайлардың желдетілуін қамтамасыз ету. Жоғарыда аталған талаптардың бұзылуы ұйым қызметкерлері арасында сырқаттанушылыққа және кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға әкеп соғады.