Аудандағы 4 білім ордасына мектеп автобустары берілген
Алматының Түрксіб ауданындағы Тұздыбастау қосалқы стансасы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар басшысы «Шуақты шағынауданында 5 шақырымнан астам электр желісін жаңғырту аяқталса, Әлмерек, Нұршашқан, Қайраттағы жөндеу жұмысы желтоқсан айында бітеді» деді. Сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңарту бойынша 18 көшеде орташа жөндеу жүргізілуде. Тас жол Сейфуллин даңғылы мен Арал, Байрон көшесіне де салынып жатыр. Бұл жұмыс қараша айында аяқталмақ.
Ауданда қала көркіне сын болған ескі нысандарды сүріп, орнына зәулім тұрғын үйлер салу жалғасып жатыр.
– Биыл 5 үй 121 пәтер салынды, оған жақын маңдағы ескі үйдің тұрғындары қоныс аударды. Сонымен қоса, 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 2023 жылдың желтоқсанында 2 учаскеде құрылыс аяқталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Қала әкімі баяндамасында Баум тоғайын абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін айтылды. Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеуден өткізіп, жаяу жүргіншілер көпірі жаңартылады. Сондай-ақ қоғамдық көліктің қызмет сапасын жақсарту әкімдіктің назарында. Тұрғындар өтініші бойынша Қайрат шағынауданынан «Райымбек» метро бекетіне дейін 8 автобус желіге қосылған. Жыл соңына дейін тағы 7 бағытта қоғамдық көлік жаңартылады. Ал аудандағы 4 білім ордасына жаңа оқу жылынан бастап мектеп автобустары берілген.
– 1 қыркүйектен бастап Қайрат шағынауданында 1 500 орындық №211 жаңа мектеп-гимназиясы іске қосылды. №59 мектеп-гимназия ғимаратын реконструкциялау, сейсмикалық күшейту және 300 орындық қосымша құрылыс салу жұмысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 4-тоқсанда 6100 орындық 4 жаңа мектептің құрылысы басталады, – деді қала әкімі.
Кездесуді төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз: