Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесті

31.01.2024 13:50

Шаһар басшысы аудандағы ең маңызды мәселенің бірі инженерлік инфрақұрылым екенін айтты

YouTube

Алматыда келесі жылы көшелер 100 пайыз жарықтандырылады. Бұл шаруа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ биыл 5 мыңнан астам шамды жаңарту және 40 шақырым кабельдік желіні ауыстыру көзделіп отыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көпшілік алдында есеп берген шаһар басшысы аудандағы ең маңызды мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұрылым екеніне тоқталды. Аталған бағытта биыл 22 шақырымнан аса электрмен жабдықтау желілері және 18 трансформаторлық қосалқы станса жаңартылатынын айтты. Бұдан бөлек, 44 көшені жөндеу және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жоспарланып отыр.

– 2023 жылы 400 метр жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылып, 16 учаске бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді. 2024 жылы жылумен жабдықтау желілерін 800 метрге, атап айтқанда Түркебаев – Кавказская – Дүйсенов – Тұрғұт Озалы көшелерін қайта жаңарту жоспарлануда және 18 учаске бойынша 3 км жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алмалы ауданындағы мектептерде оқушы орны жетіспеушілігі аса байқалмайды. Десе де, халық санының өсуін ескере отырып, тапшылықты жою бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Мәселен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында былтыр Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында 1 жарым мың оқушыға арналған білім беру мекемесінің құрылысы басталды. Бұл шаруа биыл жыл соңында бітеді. Сондай-ақ №136 мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Ауданды абаттандыру да жалғасып жатыр. Жайлы қалалық орта құру аясында 3 алаңға жөндеу жүргізіліп, жаяу жүргіншілер аумағы жасақталады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына да биыл ерекше көңіл бөлінбек. Бұл ретте қалалық балаларды оңалту орталығы қайта жаңарып, Әйтеке би көшесінің бойында 500 келушіге арналған жаңа емхана бой көтермек.

– Қазіргі заманға сай жабдықталған №1 перзентхананың жаңа корпусын салу жоспарлануда. Сонымен қатар №3 емхана ғимаратын және Қалалық адам репродукциясы орталығы ғимаратын күрделі жөндеуді жоспарлап отырмыз. 2024 жылғы 2-тоқсанда Райымбек даңғылы, 312 мекенжайы бойынша бассейні бар жаңа спорт орталығының құрылысы басталады. Ол психикалық дамуы тежелген балаларды сауықтырудың маңызды объектісі болады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.ездесуді төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз: