Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесті. Биыл Алматының Әуезов ауданында 11 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Жоба 12 көшені қамтиды. Қазір 8 көшеде жұмыс аяқталса, қалғаны қазанның соңына дейін жөнделеді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп Almaty.tv хабарлайды.
Сондай-ақ шаһар басшысы ұзындығы 38 шақырым автосуару жүйесі салынатынын жеткізді. Мегаполис әкімі аудан тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету де әкімдік жұмысының басым бағыты екенін айтып, су құбырын жөндеу 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталатынын жеткізді.
– Әуезов ауданында сумен қамту және су бұру желілерін модернизациялауды қажет ететін ең проблемалы 4 учаске бар. Олар – Мамыр-4, Алмас, Атамекен және Қуаныш, Достық шағынауданы, «Восход», «Садовод», «Ветеран» бау-бақша серіктестігі. Бұл учаскелерде су құбыры мен канализация желілері 1960-1970 жылдары салынған және 90 пайыз тозған, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Тұрғындардың өтініші бойынша 7 автобустың бағыты ұзарды. Биыл ауданнан қатынайтын 219 қоғамдық көлік жаңарған. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да назардан тыс қалмады. Биыл 34 жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Азаматтардың қауіпсіздігі де маңызды, жыл соңына дейін аудан бойынша 800-ге жуық бейнекамера орнатылады.
Қала әкімі жауын-шашын кезінде су басатын учаскелерді азайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс туралы айтты.
– Жауын-шашын кезінде су басатын учаскелер санын азайту мақсатында 67 учаскеде 43 км арық желісін реконструкциялау және салу жұмысы жалғасуда. Оның ішінде 7 учаскеде 4 км-ден астам арық желісі салынды. Биылғы жылдың соңына дейін 8 км салынады. Ұзындығы 31 км қалған 54 учаске бойынша жөндеу жұмысын келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Ерболат Досаев.
Кездесуді төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз: