Пандемияға қарамастан, Алматы инвестициялық тартымды қала болып қалды
Соңғы 5 жылдың ішінде Алматының капиталына инвестициядан түсетін табыс көлемі 67 пайызға өскен. Пандемияға қарамастан, Алматы инвестициялық тартымды қала болып қалды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев онлайн өтіп жатқан Алматы инвестициялық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, биыл он айда шетелдік компаниялардан 873 млрд теңге кіріс кірген. Ал өндіріс саласы қала экономикасының қуатты қозғаушы күшіне айналып отыр. Шаһарда өндірілетін өнім көлемі бес жылда 39 пайызға көбейіпті. Бұдан бөлек, креативті экономиканы дамытуға күш салынуда.
«Бүгінде креативті секторда 17 мыңнан астам компания бар. 45 мың адам жұмыспен қамтылған. Былтыр креативті индустриядан 37,7 млрд теңге салық түсті. Осы кластерді жетілдіру үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, қажетті инфрақұрылымды дамытып жатырмыз. Креативті индустрия кеңесі жұмыс істеуде, тиісті басқарма да құрылды. Стратегиялық «Creative Almaty» бағдарламасы жасалды», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.
Биылғы инвестфорумда қаланы дамыту, агломерация, сандық өмірге ауысу мәселелері талқыланады. Алматы Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар арасында цифрлық және логистикалық хаб ретінде қарастырылады. Белді тұлғалар мен танымал сарапшылар халық саны 5 миллионға жеткенде қала қалай өзгеретінін, қандай мүмкіндіктер мен сын-қатерлер пайда болатынын баяндайды.
«Бүгін мегақала, полиқала және метроқала сияқты бағыттар бойынша қызықты панельді сессиялар өтеді. Онда Алматының жыл санап дамуына, шетсіз қалаға айналуындағы басты мәселелері мен оны шешу жолдары талқыланады. Расымен осы 2-3 жылда мегаполистің барлық бөлігі біркелкі әрі белсенді дамып жатқанын айту керек», – деді «Алматы» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Білісбеков.