Алматыда лай көшкіні қаупі бар аумақтардың картасы пайда болады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дайын болған жаңа карта аудан әкімдігі мен қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының сайттарында жарияланады. Сондай-ақ шаһар басшысы сумен жабдықтау, кәріз жүйесі сынды ауданның инфрақұрылымына байланысты жұмыстар қарқын алғанын атап өтті. «Каменск үстірті» шағынауданы тұрғындары қала әкіміне ауыр жүк көліктері мен жаңбыр суы ағатын кәріздің жоқтығынан жолымыз бүлініп жатыр деп шағымданды. Сондай-ақ олар лай көшкіні қаупі бар аймақтардың картасын дайындап, жариялауды сұрады.
– 74 учаске кезекті жоспарлы тексерістен өтті. Оның 11-і аса қауіпті. Оларға қатысты жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ 5 учаскенің беткейі нығайтылады. Тағы алтауын сатып алып, тұрғындарды басқа үйге көшіреміз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ қала басшысы Ерболат Досаев сумен жабдықтау, кәріз жүйесі сынды ауданның инфрақұрылымына байланысты жұмыстардың басталғанын атап өтті. Соның аясында 60 шақырым желі салу көзделген. Шаһар әкімі тұрғындардың кейбір кәсіпкерлерге қатысты шағымына да жауап берді.
– Мені қаладағы кәуапханалардың мәселесі толғандырады. Қалдаяқов көшесінен Қастеев көшесіне дейінгі аралықта үнемі түтіннің иісі шығады. Жеке үйдің орнындағы шағын аумақта кәуап пісіретін орын пайда болған. Тиісті шара қолдануыңызды сұраймын, – деді қала тұрғыны.
Мегаполис әкімі бұл мәселені біржақты ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет екенін түсіндірді. Ал өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сай болмаса, арнайы органдар іске қосылмақ.
– Кәсіпкерлік кодекс бойынша жұмыс істеуді бастадық. Биыл мораторий алынып тасталды, егер сіздің тарапыңыздан ресми өтініш болса, мамандардың азаматтардың денсаулығын қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде осы мәселеге жан-жақты қарауын сұраймын, – деді қала әкімі.
Ал 1937 жылы салынған ескі баспанадан жаңа тұрғын үйге көшуді қалайтын тұрғындар да өтініш айтты. Жауаптылардың сөзінше, тұрғындардың бәрі көшуге келіскенімен, бір пәтердің иесі қоныс тойын тойлауға қарсы.
Тұрғындар «үй ренновация бағдарламасына әлі ілікпесе, тым болмағанда уақытша жөндеу жұмыстарын жасап берсеңіздер» деп өтінді. Ал өз кезегінде қала басшысы аудан әкіміне «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында нысанның сыртын жөндеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
– Бұл мәселе тек Медеу ауданында емес, қаланың Түрксіб, Жетісу аудандарында да өзекті. Жалпы тозығы жеткен тұрғын үйлер мен бұзылатын үйлер үш санатқа бөлінеді. Біріншісі топ инвестициялық тартымды, екіншісі топ инвесторларды қызықтырмайды, яғни мұндай үйлермен қала әкімдігі айналысады, ал үшіншісі инфрақұрылымды дамыту үшін сатып алынатын баспаналар, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
– Бұл үй қызыл сызықта тұр. Сондықтан инвесторлар үшін қызығушылық жоқ. Күрделі құрылыс кәсіпорны тұрғын үй қорынан пәтер ұсынды, алайда көршілеріңіз бас тартты, – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.
Айта кетейік, биыл Алматыда 280 ескі тұрғын үйдің пәтер иесі жаңа баспанаға қоныстанды. Жыл соңына дейін тағы 2 180 азамат қоныс тойын тойлайды деп жоспарланған.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Кездесуді мына жерден көре аласыз: