Қаладағы құбырлардың су өткізгіштігі 2 есеге ұлғаяды
Алматыда су тасу мәселесін шешу үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Судың жайылуынан көбірек зардап шеккен 56 аумақта апаттық-қалпына келтіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Райымбек даңғылының солтүстік бөлігіне диаметрі 1 метрлік 2 су өткізгіш құбыр орнатылды, бұл Яссауи мен Б. Момышұлы көшелерінен келетін еріген суды өткізеді. Осы аумақта, Райымбек даңғылының жолды бөлу жолағында қабылдағыш камералар орнатылады. Сондай-ақ Яссауи көшесінің құбыр өткізгіші бұрыннан бар су өткізгіш коллекторға жалғанады, ал Б. Момышұлы көшесінің құбыр өткізгіші бұрыннан бар Райымбек-Момышұлы айрық жүйесінің өткізгішіне қосылады.
Экология және қоршаған орта басқармасының мамандарының айтуынша, бүгінде қала бойынша диаметрі 500 мм-лік су өткізгіш құбырлар бар, бұлар қаладағы су ағынына төтеп бере алмайды. Сондықтан да судың өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін диаметрі 1 метрлік құбыр өткізгіштер орнатылуда. Осылайша қаладағы құбырлардың су өткізгіштігі 2 есеге ұлғаяды.
«Қала басшысының тапсырмасы бойынша біздің басқарма Алматының су жайылатын аймақтарына мониторинг жасады. Нәтижесінде 102 аумақ және 12 істен шыққан коллектор анықталды. Солардың ішінде 56 аумақ судың жайылуынан қатты зардап шегетінін, сондықтан тез арада биылдан қалдырмай апаттық қалпына келтіру жұмыстары қажет екені анықталды», - деді Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының стратегиялық даму бөлімінің жетекшісі Мұрат Жексембаев.
Сондай-ақ мониторинг барысында 12 коллекторға тазалау мен қалпына келтіру жұмыстары қажет екені және 4 су өткізгіш канал салу қажеттілігі анықталды. Бүгінде қалада Емцов пен Рысқұлов даңғылының төмен жағындағы су өткізгіш құбырларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы аумақтағы жұмыстар 20 күн бойы жүреді.