Алматы әкімі «Алматы-1» базарын жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды

19.04.2024 14:04

Қазіргі уақытта баспалдақ салынып жатыр

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Жұмыс сапары аясында Ерболат Досаев Түрксіб ауданында орналасқан «Алматы-1» базарын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде қалада сауда қызметін реттеу туралы Заңға сәйкес 33 базар жаңғыртылды, тағы 9-ында 2025 жылға дейін жұмыс аяқталуға тиіс.

«Алматы-1» базары 1938 жылдан бастап жұмыс істейді. Ауданы 7 мың шаршы метр, онда жылыту және инженерлік желіге қосылмаған контейнерлік типтегі 570 сауда нүктесі бар. Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарында салынған базар ғимараттары тозған және қауіпсіздік стандартына сәйкес келмейді.

Базарды жаңғырту аясында саудагерлер мен келушілер үшін соның ішінде тез бұзылатын өнімдерді сақтауға және жылумен қамтамасыз етуге арналған тоңазытқыш камералары үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондай-ақ жобада лифттер, эскалаторлар, жер асты және жер үсті автотұрақтар, мейрамхана ауласы, жаяу жүргіншілер аймағы және т.б. көзделген.

Бүгінде бірінші корпустың бірінші және екінші қабаттарының металл қаңқасы тұрғызылды. Еден аралық бетон құю аяқталды. Қазіргі уақытта баспалдақ салынып жатыр. Автономды газ қазандығын монтаждау жұмыстары басталды.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, саудагерлер контейнерлерден көшірілетін бірінші корпустың құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

Жалпы, кешенге азық-түлік және киім-кешек базарлары, жалға алушыларға арналған ойын алаңдары, мейрамханалар, әкімшілік бөлім, халыққа қызмет көрсетуге арналған басқа да аймақтар, тиеу-түсіру кіреберістері, жер асты паркингі кіреді. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 7,3 млрд теңгеден асады.