Грант сомасы 400 АЕК-ке жетеді (1 225 200 теңге)
Алматыда бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды. Оларға жастар (29 жасқа дейін) және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері үміткер бола алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Грант сомасы 400 АЕК-ке жетеді (1 225 200 теңге).
Гранттар беру жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың табысын өсіру мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру аясында жүргізіледі.
«ШОБ қала экономикасында жетекші орынға ие және мұнда 10 алматылықтардың 6-ы істейді. Осы жылдан бастап гранттарды сертификатсыз алуға болады. Өтінімдер сәуірден қараша аралығында қабылданады, нақты мерзімдері мен кезеңдерін қосымша хабарлаймыз», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Зафар Аппазов.
Өтінімді ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады.
Грант алу үшін мыналар қажет:
* тіркелген жұмыссыз мәртебесі немесе мерзімі 1 жылдан аспайтын ЖК болуы;
* Алматы қаласында тұрақты, уақытша (1 жылдан кем емес) тіркелу;
* business.enbek.kz порталында тіркелу;
* бизнес-жоспардың болуы.
Үміткерлер бизнес-жоспарды өздері дербес жасайды және BUSINESS.ENBEK.KZ. порталына өтінім жібереді. Өтінімдерді қарау мерзімі - 10 жұмыс күні.
Гранттарды комиссияның шешімі негізінде Халықты жұмыспен қамту орталығы береді. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарды келесі критерийлер бойынша бағалайды:
-бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
- өткізу нарықтарының пысықталуы;
- бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
- кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
- жаңа жұмыс орындарын құру.