Жоба 2 кезеңде іске асырылады
Алматы қаласының Райымбек даңғылындағы БРТ құрылысы 2024 жылдың 3-інші тоқсанында басталады. Бұл туралы "Көлік жүйесін дамыту" базалық бағытын іске асыру тобының жетекшісі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. Бүгінде жаңадан түсетін автобус желісінің жоспары мен сызбасы дайын. Жобалық-сметалық құжаттамадан өтіп жатыр.
Бастама іске асса, қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығын 70% көбейтіп, кептелісті 30% төмендетуге мүмкіндік туады.
БТР желісі Алматыда алғаш 2017 жылы пайда болды.Бірінші жолақ Мустафин көшесінде құрылып, кейін Тимирязевте іске қосылды. Сонымен қатар Райымбек даңғылында да салынады. Оның құрылысы биылға жоспарланған.
Райымбек даңғылына салынатын БРТ желісінің жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайды. Жоба 2 кезеңмен іске асырылады. Алғашқысы биыл қолға алынса, келесі кезең 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
- Онсыз да мына көше кептеліс. Кешкісін жұмыстан шыққанда қайта алмаймыз. 1 сағаттан аса жол жүріп барамыз. Петровадан өткенше кептелісте тұрамыз. Ал енді арнайы жолақ салатын болса қозғалыс тіпті қиындайды, - дейді қала тұрғыны Аян Сағындықов.
- Автобуспен қатынайтындарға бұл өте ыңғайлы болады. Қалада кептеліс көп. Ал автобуспен тез жетесің. Қоғамдық көлікпен қатынайтындарға жақсы болды, - дейді қала тұрғыны Айжан Ибашева.
Сарапшылар пікірінше кептеліс шешілмейтін мәселе. Тимирязев көшесіндегі автобус жолағының Райымбек даңғылында да пайда болуы керісінше, тиімді екенін айтты.
- Әлемдегі кез келген қалада автокөліктерге арнап кептеліс мәселесін шешпеген. Мүлдем жоқ. Ешбір қалада ондай бастама болмаған. Қаламыздағы кептеліс мәселесін шынымен шешкіміз келсе, онда міндетті түрде осы қоғамдық көлікті дамыту керек,- дейді сарапшы Диас Маратұлы.
Жобаны іске асырушылар желі сызбасын дайындағанда даңғылдың ерекшелігі ескерілген айтты. Сондықтан кептеліс мәселесі туындамау керек деді.
- Бұл бастама автобуспен қатынайтындар мен жаяу жүргіншілерге ғана емес, көлік жүргізушілеріне де тиімді болады. Нәтижесінде кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар жүргіншілер жолағын көбейтіп, даңғыл бойы абаттандырылады, - дейді "Көлік жүйесін дамыту" базалық бағытын іске асыру тобының жетекшісі Артур Шахбазян.
Райымбек даңғылына биыл БРТ желісінің 9 шақырымы түседі. Бастапқыда Ахрименко мен Пушкин көшелерінің аралығы жасалады. Жұмыстар жоспарға сай болса, 2024 жылдың соңына қарай қолданысқа беру көзделген. Айта кетсек, бұл БРТ жолағы кейін "Барлық" базарына дейін созылады.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, Жақсылық Тілепберген, "Алматы" телеарнасы.