Қуаты екі есеге ұлғайды: Алматыда қазандықтарды жаңарту жұмысы аяқталды

03.01.2024 14:10

Жылу өндіру секторындағы барлық 84 қазандықта жөндеу-профилактикалық жұмыстары жүргізілді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының жылу энергетикалық кешенінде тозған инженерлік желілер мен жабдықтар біршама азайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдын ала есептеулер бойынша Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша жүргізілген жылумен жабдықтау саласындағы кезекті модернизациялау жұмысы 25 жылдық қызмет мерзімін өтеген құбыр желілерінің пайызын 59,2%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Жылу аралық кезеңде жалпы ұзындығы 7,6 км жылу желілеріндегі 12 нысан реконструкцияланды.

Жылу өндіру секторында барлық 84 қазандықта жөндеу-профилактикалық және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 7 жылу нысанының 13 қазандығы, 12 қазандықтың 24 түтін сорғышы, сондай-ақ басқа да қосалқы жабдықтар ауыстырылды.

Модернизациялау аясында «Южная» аудандық қазандығының өндірістік қуаты 1,5 есе, ал «Премьер» қазандығының өндірістік қуаты 2 есе өсті.

Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының хабарлауынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында сумен жабдықтаудың тозып кеткен желілері саны 2022 жылғы 55,7%-дан былтыр 54,3%-ға, ал су бұру 2022 жылғы 57,8%-дан 57%-ға дейін азайды. Алматыда газдандыру деңгейі 99,4%-ға жетті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполисте барлығы 231 км инженерлік желі салынды және модернизацияланды, оның ішінде 117 км сумен жабдықтау, 96 км су бұру және 18 км жылумен жабдықтау. Сонымен қатар 13 кәріз сорғы станциясы салынды.