Ол қала мектептерінде тамақтанудың сапасы мен тиімді ұйымдастырылуына жүйелі мониторинг жүргізеді
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мен нығайтудың ең өзекті мәселелерінің бірі оларды сандық және сапалық жағынан физиологиялық және гигиеналық талаптарға жауап беретін дұрыс тамақпен қамтамасыз ету болып табылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқушыларды дұрыс әрі сапалы теңдестірілген тамақпен қамтамасыз ету үшін Алматыда ведомствоаралық сараптама тобы құрылады. Ол қала мектептерінде тамақтанудың сапасы мен тиімді ұйымдастырылуына жүйелі мониторинг жүргізеді. Бұл туралы басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаева хабарлады. Кестеге сәйкес, күнтізбелік жыл ішінде білім беру саласының қызметкерлерінен, аудан әкімдерінен, депутаттардан, ата-аналардан және Қазақ тамақтану академиясының өкілдерінен тұратын комиссия өкілдері қаланың барлық білім беру ұйымын аралап шығады.
«Асхананы жалға алушыларға бейнебақылау камерасын орнатуды міндеттеу үшін қазір білім беру ұйымдарының басшыларына тапсырма берілді. 206 мемлекеттік мектептің асханасына камералар орнатылған (қалада барлығы 215 мемлекеттік мектеп бар). Бұл ведомствоаралық комиссияға кез келген уақытта балаларға арналған тағамдардың қалай дайындалатынын көруге мүмкіндік береді. Бүгінде орта білім беру ұйымдарында тамақты 85 жалға алушы қамтамасыз етеді. Қызмет көрсетушіні білім беру ұйымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы бұйрығына сәйкес конкурстық негізде таңдайды. Сонымен қатар, соңғы уақытта жергілікті бюджеттен мектеп асханасының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қаражат бөлініп отыр», - деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен 2022-23 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 2023 жылға арналған жалпы бюджет жергілікті бюджет есебінен 20,4 млрд теңге болды. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларды қосқанда, бүгінде 134 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылып отыр.