Қыркүйектің басында 12 жастағы Санжар Мұхаметқалиев Алмалы ауданының Instagram парақшасында жазба қалдырған
Қыркүйектің басында 12 жастағы Санжар Мұхаметқалиев Алмалы ауданының Instagram парақшасында жазба қалдырды. Онда бала өзіне және достарына футбол алаңын жасауға көмектесуді өтінген еді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біздің аулада футбол алаңы жоқ. Балалармен бірге үйімізден алыс басқа аулаларға баруымыз керек. Бұл өте ыңғайсыз және ата–аналарымыз алаңдайды», - деп жазды Санжар.
Жас спортшы көмек сұрап қана қоймай, мәселені шешу жолын білдірді.
«Біздің аулада футбол алаңына орын жоқ, бірақ баскетбол алаңы бар. Мұнда баскетбол ойнайтындар аз, футболшылар көп. Мүмкін, бұл алаңды футболға бейімдеген жөн шығар. Егер сіз келсеңіз, мен бәрін көрсетемін!» - деп өз ұсынысын айтты.
Аудан әкімі Айдар Жақыбаев осы аулаға барды. Талқылаудан кейін Санжар достарымен баскетбол ғана емес, футбол да ойнай алатындай етіп алаңды қайта жасау туралы шешім қабылданды. Соның арқасында Санжар енді тек баскетбол ғана емес, футбол да ойнай алады.
Алаң бір ай ішінде қайта жасалды. Қақпаны орнатып, алаң жабындысын жаңартты. Футболшылар да, баскетболшылар да жаттығу үшін қақпаның үстіне баскетбол сақинасы орнатылды. Жас спортшылар мен олардың ата-анасы нәтижеге риза.