Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Зерделі ықшамауданы үйлерінің іргетасын нығайту барысымен танысты
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Зерделі ықшамауданы үйлерінің іргетасын нығайту барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында Зерделі ықшамауданының тұрғындарын толғандырған мәселе назардан тыс қалмағандығы туралы жазды.
«ҚазҚСҒЗИ мамандарының қорытындысы бойынша 2020 жылы 7 үйдің іргетасы нығайтылды. Биыл 10 үйді нығайту жоспарлануда. Барлық жұмысты оның технологиясы, құрылыс нормасы мен талаптарын сақтай отырып жүргізуді тапсырдым. Бұдан кейін 13 ауланың қасбеті ретке келтіріліп, балаларға арналған ойын мен спорт алаңдары, орындықтар мен жарық жүйесі орнатылады»,– деп хабарлады Б. Сағынтаев және Нұркент ықш.-да 18 үйдің қасбетінің жаңарғандығын, 5 ауланы жөндеу жоспарда тұрғанын да айтты.
Сонымен қатар, қала әкімінің сөзінше, тұрғындардың өтінішімен аула мен үй маңындағы аймақты ретке келтіру мәселесі шешімін табатын болады. Зерделіде тұрғын үйлерге жанасып жатқан 8 жер телімі алынады.
«Сондай-ақ Нұркент ықш-да 43 пен 72 үйдің арасындағы жер теліміне биік үй тұрғызбақ болған меншік иесінен бұл жер тәркіленді. Аталған жерде балабақша бой көтереді»,– деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Әкім жұмыс сапары кезінде Алатау ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан «Алатау сити» тұрғын үй кешенінде болды. Сондай-ақ Түрксіб ауданындағы Қайрат ықшамауданында орналасқан ТК құрылыс алаңдарын аралады. Мұнда 1,5 мың оқушыға арналған мектеп, 280 орынды балабақша мен 500 келушіге арналған емхана құрылысы қарастырылған. Кешенді құрылыс жұмыстарының арқасында тұрғындар қажетті әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етіледі.