Бұл туралы Алматы қаласы әкімі тұрғындармен кездесуі барысында айтты
Түрксіб ауданында электрмен жабдықтау желілерінің 70%-ы тозған. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, соның салдарынан желілер жиі үзіліп, жарық сөніп жатады.
«Қалаға қосылған Қайрат, Әлмерек, Нұршашқан шағынауданының желілері әбден тозған. Онда желілер қуатты Талғар аудандық электр станциясынан алады. Ал станцияның алыс орналасуы электр энергиясының тұрақты берілуіне де кері әсер етеді», – деді Досаев.
Осы проблеманы шешу үшін «Тұздыбастау» подстанциясы салынып жатыр. Құрылысы 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталады.
«2022 жылдың соңына дейін Шуақты шағынаудандағы электр желілері жаңартылады. Сосын аудандағы 26 жердегі жалпы ұзындығы 21,1 км желілерді жаңарту жұмыстары аяқталады», – деді қала әкімі.