Алматыда 200 мың тұрғынды қамтитын қосалқы электр станциясы салынып жатыр

10.01.2024 14:27

Электр желілерін дамытудың 2030 жылға дейінгі жобасы әзірленді

Алматы әкімдігінің баспосөз қызметі

Электрмен жабдықтау саласын модернизациялау үшін 200 мың тұтынушыны қамтитын электр қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2024 жылдың қыркүйегінде қуаты 80 МВт болатын «Тұзды бастау» ҚС-ның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Айта кетерлігі сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2040 жылға дейінгі перспективамен Алматы қаласының электр желілерін дамытудың 2030 жылға дейінгі сызбасының жобасы әзірленді.

Оған кабельдік желілерді, трансформаторлық қосалқы станцияларды, жабық тарату құрылғыларын салу және реконструкциялау кіреді. Алматы мен қалаға қосылған аумақтарды электрмен жабдықтау сызбасын әзірлеу қосымша электр қуатын қосу бойынша тапшылықты жоюға, Бас жоспарға сәйкес қаланың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асырғаннан кейін тозған желілердің азаюына байланысты тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру жоспарлануда. Еске салсақ Алматы қаласы бойынша электр желісінің ұзындығы – 8,6 мың км, ал электр желілерінің тозуы 65% құрайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда 400 жетім бала баспанамен қамтылады