Б. Сағынтаев Алатау ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың жобаларымен танысты

21.04.2021 14:24

Нұркент ықшамауданындағы болашақ медициналық орталықтың құрылыс алаңында болды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапары барысында жаңа медициналық орталықтың құрылысында болды, сондай-ақ велосипед мектебі мен Ақбұлақ ықшамауданындағы жаяу жүргіншілер аймағының жобаларымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында Алатау ауданына қарасты Нұркент ықшамауданындағы болашақ медициналық орталықтың құрылыс алаңында болғанын жазды. Елбасының тапсырмасымен құрылысы басталған орталық жұқпалы ауруларға қарсы күресте медицина ғылымы мен тәжірибесін біріктіруге бағытталған. Жоспар бойынша 380 төсек-орынға арналған орталық, соның ішінде 30 реанимациясы бар,18 айда бой көтереді.

Сондай-ақ, Б. Сағынтаев «Алматы Арена» СК базасында жаңа веломектептің жобасымен танысты.

«Велоспорт федерациясының президенті Н. Смағұловтың қолдауымен 12-16 жас аралығындағы ОРМБЖСМ тәрбиеленушілері велоспортпен кәсіби түрде шұғылдануға мүмкіндік алды. Өз кезегінде бізге спорт кешендерінің әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Сондықтан спортпен, соның ішінде қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін инфрақұрылымды кеңейтуге мән бермекпіз», — деп жазды мегаполис әкімі.

«Тұрғындардың сауалдарына жауап бере отырып, Ақбұлақ ықшамауданы Аханов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағын салу жобасын әзірледік. Жаңа променадты дәліз қоғамдық кеңістікті көркейтіп, ауданның көрікті мекеніне айналады», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.