Алмата қаласының әкімі Б. Сағынтаев егу пункттерінің жұмысын тексерді. Ол №5 ауруханасы мен №5, 15, 17, 29 емханаларындағы екпе кабинеттерінің жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мегаполис әкімі вакциналауға алғашқы болып келген алматылықтармен әңгімелесті. Б. Сағынтаев бұл коронавирусқа қарсы тұрудың жалғыз мүмкіндігі екенін еске салды. Қалалықтар вакцинаның дәл қазіргі уақытта аса маңызды екенін түсінеді.
Оның мәліметі бойынша, вакцинация пункттері 70 емханада, 31 сауда орталығында, ірі мәдени, білім беру және спорт мекемелерінде орналастырылып жатыр.
Қалада КВИ таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабтың отырысында жаппай вакцинациялау науқанын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Барлығы 250-ге жуық пункт ашылады. Олардың жұмысын 2250 маман - дәрігерлер, мейірбикелер, тіркеушілер қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, дәрігер резиденттердің ішінен 1200 ерікті тартылады. Қосымша мобильді жылжымалы пункттер құрылды.
КВИ-ге қарсы ерікті жаппай вакциналаудың бекітілген жоспарына сәйкес, суық тізбекті сақтау үшін мұздатқыштармен жабдықтауға ерекше назар аударылатын болады.