Алматыда 7,5 мың әлеуметтік нысанның қолжетімділігі бағаланады

15.08.2023 14:37

Төлқұжаттау – мүгедектігі бар адамдарды бейімдеу бойынша ұсынымды әзірлеуге қажетті нысандар мен олар көрсететін қызметтердің қолжетімділік жай-күйін есепке алу және бағалау

пресс-служба акимата

Алматыда әкім Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша биыл 2 тамыздан бастап inva.gov.kz жүйесіне деректерді енгізе отырып, әлеуметтік нысандарды паспорттау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп отыр. «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» аясында барлығы 75 мың нысанды төлқұжаттау жоспарға енген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төлқұжаттау – мүгедектігі бар адамдарды бейімдеу бойынша ұсынымды әзірлеуге қажетті нысандар мен олар көрсететін қызметтердің қолжетімділік жай-күйін есепке алу және бағалау. Осылайша, қолдағы барлық деректер әлеуметтік инфрақұрылым нысанының қолжетімділік паспортына енгізіледі.

Қалалық инклюзивті ортамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тетігі, сонымен қатар, паспорттау жөніндегі жоспарлар қаланың аудандары бойынша бөлінеді. Нысандар төлқұжатының негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін нысанды одан әрі бейімдеу үшін смета қалыптастырылады.

Жоспарларды бөлу аудандарда тұратын мүгедектігі бар адамдардың және инфрақұрылым нысанының санын ескере отырып жүзеге асырылғанын атап өтеміз. Аудандық әкімдіктер паспорттау және inva.gov.kz жүйесіне деректерді одан әрі енгізу үшін нысандардың тізбесін ұсынды.

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша халықтың мобильділігі төмен топтары (мүгедектігі бар адам, зейнеткер және т.б.) үшін қолжетімділікпен қамтамасыз етілген 4 261 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны, оның ішінде толық қолжетімділігі 778 нысан, ішінара қолжетімділігі – тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін 895 нысан, есту қабілеті бұзылған адамдар үшін 1002 нысан, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін 905 нысан, арбаға таңылған адамдарға арналған 895 нысан. Барлық ақпарат inva.gov.kz порталына енгізілді.

Жекеменшік нысандарға келсек, деректер бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беру үшін Алматы қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің департаментіне жіберіледі (айыппұлдар 120-дан 400 АЕК-ке дейін немесе 414 мыңнан 1,4 млн.теңгеге дейін).

Бұған қоса, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аудандық әкімдіктермен, еңбек департаментімен және қала прокуратурасымен бірлесіп төлқұжаттау барысында берілген ұсынымдарды тексеру бойынша мониторинг жүргізеді.

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру және қоғамға сіңісу мәселесіне ерекше мән береміз. Оларды әлеуметтендіру техникалық көмекші құралдармен және оңалтудың әлеуметтік қызметтерімен уақытылы әрі атаулы қамтамасыз ету арқылы іске асырылады. Әрі қалада қажетті барлық жайлылығы бар инклюзивті орта құру. Бүгінде Алматыда мүгедектігі бар 55 мың адам тұрады. Олардың ішінде 2 мың адам арбаны пайдаланады, 2,8 мың адамның есту, 5,6 мың адамның көру қабілеті бұзылған. Нысандарды бейімдеу және барлық облыста инклюзивті орта құру жұмысы жалғасады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Айта кетейік, қалада инклюзивті қоғам құру үшін «Шыңға өрлеу», «Школа независимой жизни», «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталықтары сияқты әлеуметтік жобалар жұмыс істейді.