Мамыр айында 40 км ескірген желілерді реконструкциялау жұмыстары басталды
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы халқымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімінің айтуынша, аудан тұрғындарын, атап айтқанда Палладин – Павлодар – Сельская – Боралдай көшелері және Кемел шағынауданының тұрғындарын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін осы жылдың мамыр айында 40 км ескірген желілерді реконструкциялау жұмыстары басталды.
"Қазір осы мекенжайларда мердігер ұйымдар («ABM Building» және «ЕС Энерджи») темірбетон тіректерді орнатып, кабель желілерін тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 600 тірек орнатылды, 10 км кабель тартылды. Палладин – Павлодарская – Сельская - Боралдай көшелеріндегі жұмыстар осы жылдың соңына дейін, Кемел шағынауданындағы жұмыстар 2023 жылдың сәуір айында аяқталады", - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, бұл жұмыстар 4 000-нан астам абонентті электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.